«Бавария» жанкүйері уәдесінде тұрды

«Бавария» жанкүйері уәдесінде тұрды

Мюнхендік «Бавария» командасының жанкүйері Вахид Чехайя 1000 шақырым жолды артта қалдырып, сүйікті клубының стадионына жаяу жетті.

Неміс ұжымының босниялық жанкүйері "Бавария бесінші рет Чемпиондар лигасын жеңіп алатын болса, «Альянс-Аренаға» жаяу барамын" деген болатын. Алайда Вахид бұл уәдесін 2010 жылы мәлімдеген. Бірақ сол жылы финалға шыққан немістер «Интер» командасынан жеңіліс тапқан-ды. Араға екі жыл салып «Бавария» тағы да финалға жеткенмен, ағылшындық «Челсиден» жеңіліп бұл атағына қол жеткізе алмады. Мюнхендік командаға бұл атақ осы маусымда ғана бұйырды. Ағылшын жерінде өткен финалда «Бавария» дортмундтық «Боруссияны» жеңіп, клуб тарихында Чемпиондар лигасының кубогын бесінші рет иеленді. Осыдан кейін барып жанкүйер өз уәдесін орындауға бел буған.

45 жастағы Вахид Чехайя Босния және Герцеговинаның Бугайно қаласынан 10 маусым күні сапарға шығып, 22 шілде күні Мюнхендегі «Альянс-Арена» стадионына жеткен. «Бавария» жейдесін киген жанкүйер осы уақыт аралығында Босния және Герцеговина, Хорватия, Аустрия және Германия шекараларын басып өтіпті. Мюнхен ауруханасында алыс жолдан келген жанкүйерге ем-дом жасалып, еліне автобуспен қайтарды. Сапар кезінде Вахид Чехайя 12,5 келі артық салмақ тастапты. Осылайша, «Бавария» жанкүйері өзінің 2010 жылы берген уәдесін орындады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

сурет:lenta.ru

Ө. Сансызбай