Мақсат Есенбекұлы: "Елімізде жастардың тоғызқұмалақпен "ауыру" үрдісі басталып кеткен..."

Мақсат Есенбекұлы: "Елімізде жастардың тоғызқұмалақпен "ауыру" үрдісі басталып кеткен..."

Құрметті Массагет порталының қолданушылары! Бүгін сіздердің назарларыңызға тоғызқұмалақтан мемлекеттік және Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мақсат Есенбекұлымен болған сұхбатты ұсынамыз. 

- Қазіргі таңда осы спорт түрінің елімізде насихатталуы қалай болып жатыр? Ол үшін нендей шаруалар атқарылуда?

Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын, жеке тұлғаның зияткерлік қасиеттерін қалыптастыруға ерекше маңызы бар ойын. Археолог-ғалымдарының пайымдауынша, ойынның пайда болу мерзімі 4000 жыл шамасын қамтиды. Жасөспірім ұрпақтың дене шынықтыру тәбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да зор мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тауып, зерделілік даму құралы ретінде қолданған.

Тоғызқұмалақ - республиканың барлық өңірлерінде дамып отыр. Тоғызқұмалақ Зияткерлік Қауымдастығы Қазақстан Респубкиласының Туризм және спорт агенттігінің қолдауымен жылына 4 ресми жекелей чемпионат және  2 командалық жарыстарды өткізеді. Сонымен қатар, 6 республикалық рейтингтік жарыс және  көптеген халықаралық жарыстар ұйымдастырылады. Негізінен алғанда, тоғызқұмалақ Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай облыстарында жақсы дамыса, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында кенже қалып отыр. 

Әр жылдың басында Қауымдастық республиканың жас жаттықтырушыларына семинарлар өткізіп, олардың біліктілік қасиеттерін арттыруға теориялық және практикалық жәрдем көрсетеді. 9kumalak.com сайтында жылдың барлық жарыстарының тізімі көрсетілген. Сондай-ақ бұл жерден ұлттық құраманың тізімін, болып жатқан жаңалықтарды, спортшылардың рейтингтерін көріп, түрлі әдістемелік кітаптардың электрондық нұсқаларымен танысуға болады.        

2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, әлемдік ғаламторда тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны тіркеліп, iggamecenter.com – сайтында тоғызқұмалақтың онлайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жасалынды. Бұл сайтта қазіргі кезде әлемнің 100-ден астам елдерінің ойыншылары тоғызқұмалақпен шұғылдануда және рейтингтік көрсеткіші бойынша ұлттық ойын 145 ойын арасында І орында тұр. 2011 жылы тоғызқұмалақтың компьютерлік бағдарламасы жасалды. Оның авторлары керекулік Е.Шамбаев, С.Ақтаев және Д.Кенина. 2013 жылы осы бағдарлама «Үздік жиырмалық» атты жарыста қыздар арасында І орын алды.

- Аймақтардағы үйірмелердің саны нешеу?

Тоғызқұмалақпен бүгінгі таңда 36 мыңнан астам спортшы 1500 жаттықтырушының қарамағында шұғылдануда. Нақты қанша үйірме бар екені белгісіз. Өйткені жаттықтырушылардың бірқатары спорттық үйірмелерде тіркелсе, бірқатары аула клубтарында, білім беру мекемелерінде тіркелген.

- Жастардың тоғызқұмалақпен «ауыруы» үшін не істеуіміз керек?

Елімізде жастардың тоғызқұмалақпен "ауыру" үрдісі басталып кеткен. Тек оның баяндылығын тілейік. Ол үшін республикалық жарыстардың санын арттыру, жастар арасындағы Азия және әлем чемпионаттарын өткізу керек. Биылғы жылы алғаш рет 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер, 15-18 жас арасындағы жастар арасында Азия чемпионаты өткізіледі. Келесі жылы бұл тәжірибені әлемдік чемпионатта қолдансақ дейміз. Жалпы дүниежүзінде тоғызқұмалаққа жастардың қызығушылығы басым. Тек оларды қолдау керек. Сол кезде олардың арасынан еліміздің әл-қуатының артуына еңбек жасай алатын тұлғалар қалыптасады. Тоғызқұмалақ Зияткерлік Қауымдастығының басты мақсаты да – тек спортшыны дайындау емес, рухани дейгейі бай, озық зияткер тұлғалар қалыптастыру.        

- Әрине, қазақтың ұлттық спорт түріне жататындықтан тоғызқұмалақтың дамып, етегін кеңге жаяр жері Қазақстан екені белгілі. Алайда оны өзімізде ғана емес, бүкіл әлемге таныту мақсатында халықаралық деңгейге шығаруға тиіспіз. Осыған байланысты сіздер жүлде қоры бар халықаралық турнирлер ұйымдастырып тұрасыздар ма? Тоғызқұмалақты шахматпен иық тірестіре алатындай дәрежеге жеткізе аламыз ба?

Тоғызқұмалақты тек елімізде ғана емес, дүние жүзіне таныту үшін де көп жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін жүлде қоры мол жарыстар көп өткізілуі тиіс. Тоғызқұмалақ жарыстарының ішіндегі ең беделді жарыс ретінде  Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған дәстүрлі халықаралық жарысты айтуға болады. Ол алғаш рет 1997 жылы Қызылорда қаласында ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Еркетай Иманбаевтың бастамасымен өткізілді. Осы жарыста 2 рет 2008 жылы Оралда және 2009 жылы Қызылорда қаласында бас бәйгеге қыздар және ұлдар арасында жеңіл көліктер тігілді. 2011 жылы Астанада және 2012 жылы Шымкентте өткен жарыстарда бас жүлде үшін 5 мың доллардан берілді.

Ал басқа халықаралық жарыстарда көбінесе символдық мәні бар сыйлықтар беріледі. Мысалы, Қырғызстан, Өзбекстан, Чехия, Швейцарияда негізінен жергілікті елдің қол өнер туындылары сыйға тартылады.

Тоғызқұмалақты шахматпен иық теңестіре алатын деңгейде дүние жүзілік деңгейде жасау өте қиын. Ең алдымен, Қазақстанның өзінде ол шахматпен танымалдылылығы жағынан теңесе алу керек. Өкінішке орай, шахмат десе елеңдеп тұратын көпшілік тоғызқұмалаққа келгенде самарқау қалатыны жасырын емес. Қазіргі кезде халқымыздың түсінігінде шахматпен шұғылданған жас ақылды, зияткер болады деген ой қалыптасқан. Меніңше, қандай зияткерлік ойынмен айналыссаңыз да, кім боп қалыптасатыныңыз өзіңізге байланысты. Шахмат, дойбы, го секілді ойындар тек көмекші құралдар ғана. Ол тек ақыл-ойды дамытатын ойын түрі. Тоғызқұмалақ бұл ойындардың ешқайсысынан кем түспейді. Тек оның қасиеттерін түсінетін парасатты пайым, салиқалы сана керек. Тоғызқұмалақ деген қарабайыр аты болмаса, оның заты әлемдік рухани құндылық.           

- Соңғы рет осы спорттан әлем біріншілігі 2012 жылы Чехияда өткенін білеміз. Енді осындай доданы өткізу жоспарда бар ма?

Тоғызқұмалақ соңғы жылдары халықаралық дәрежеде де жоғарғы қарқынмен дамып келеді. Қазір тоғызқұмалақпен әлемнің 20-дан астам елдерінде шұғылданып, Германия, Чехия, Швейцария, Франция, Ресей, Өзбекстан және Түркия мемлекеттерінде дәстүрлі жарыстар өткізіліп, жергілікті халықтардың арасында ойнаушылардың саны артуда. 2008 жылы Халықаралық Тоғызқұмалақ Қауымдастығы құрылып, соның арқасында әлемдік бәсекелер өткізу қолға алынды. 2009 жылы Шымкент қаласында І Азия чемпионаты өткізілсе, 2010 жылы Астана қаласында І Әлем чемпионаты ұйымдастырылды. 2011 жылы Еуропа чемпионаты тұңғыш рет Чехияның Пардубице қаласында болды. Тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты 2 жылда 1 рет ұйымдастырылады. 2012 жылы ІІ Әлем чемпионаты Чехияның Пардубице қаласында өткізілді. Келесі кезектегі Әлем чемпионаты 2014 жылы Қазақстанда Қостанай қаласында өткізіледі деген ойдамыз. 

1

- Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріңізбен, жеңістеріңізбен бөлісе отырсаңыз?

Тоғызқұмалақпен 1992 жылы таныссам да, кәсіби деңгейде 1997 жылдан айналыса бастадым. 1998 жылы Қаратауда өткен командалық чемпионатта ОҚО құрамында І орын алып,   спорт шебері атағын орындадым. 1999-2001 жылдары көптеген халықаралық жарыстарда топ жардым. Осы жылдары  «Жас Алаш» газетінің жүлдесіне арналған Орта Азия фестивалін 2 рет, Қырғыз Республикасының ашық чемпионатын 2 рет ұтып, «Түркістан-1500» халықаралық жарыстарының жеңімпазы болдым. Ең үлкен табыстарымның бірі ретінде – 2009 жылы Қызылорда қаласында өткен Президент жүлдесіне арналған халықаралық жарысты айтуыма болады. Осы жарыста көлік иеленуіммен қатар, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын да орындадым.

Қазіргі кезде қоғамдық негізде Астана қаласының құрамын жаттықтырамын. 3 монография, 2 оқу-әдістемілік кітаптардың, 50-ден ғылыми-көпшілік мақалалардың авторымын. 2013 жылы тоғызқұмалаққа сіңірген еңбегім үшін Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алдым.

- Жақын болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

Адамда арман таусылмайды. Менің  арманым алдағы мақсатым, жоспарым десем де болады. Әлі де болса халықаралық жарыстарда топ жарсам деген ой бар. Қазіргі тоғызқұмалақ қарқынды түрде дамып жатқандықтан, ойын бастамаларындағы теориялық жаңалықтарға барынша мән беру керек. Көп жағдайларда жұмыс ретімен бірқатар жарыстарға бара алмай қаласың. Ондай кездерде сол жарыстарда ойналған партияларды алдыртып, талдау жасаймыз.

Екінші кезекте, озық шәкірттер тәрбиелесем деймін. Қазір Астана қаласында тоғызқұмалаққа жақсы көзқарас қалыптасқан. Күнтізбелік жоспарға сай, барлық ресми чемпионаттарға, рейтингтік жарыстарға  қатысып отырмыз. Астана қаласының спорт басқармасының бастығы Айталап Құрғамбаев ұлттық спортқа барынша көңіл бөлуде. Биыл тұңғыш рет елордада Астана қаласының кубогіне арналған «Жас үміт» республикалық жасөспірімдердің жекелей-командалық жарысы өтеді. Бұл жарыста тек Астаналық балғын спортшылар емес, еліміздің басқа да өрендері танылады, жаңа есімдер шығады деп үміттенемін.      

Үшіншіден, тек республика емес, әлемдік деңгейде маңызы бар, жаңашылдық сипаты бар еңбектер жазсам деген жоспарым бар. Ол үшін көп уақыт керек, іздену керек. Құдай қуат берсе, алдағы 5 жылдың ішінде «Тоғызқұмалақ есептері», «Тоғызқұмалақ негіздері, «Шеберлік сабақтары» секілді кітаптарым жарыққа шығады деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан: Болат Қосмағамбет

сурет: Мақсат Есенбекұлы

Б. Қосмағамбет