- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Футбол қақпасы жайлы...
Футбол қақпасы жайлы қызықты мәлімет
Естеріңізде болса, футбол ойынының шығу тарихы жайлы ертеректе айтып кеткен болатынбыз. Б.з. V ғасырда бұл ойын Рим империясымен бірге жоғалып кеткенімен, ойын ережелері еуропалықтардың, әсіресе, итальяндықтардың естерінде қалған. Тіпті, эмоцияларын сыртқа шығармаған, тұйық мінезді Леонардо да Винчидің өзі де сол ойынға қызығатын. XVII ғасырда дарға асып өлтірілген I Карлдың жақтастары Италияға қашып, сол жерде осы ойынмен танысқан. Кейін 1660 жылы таққа II Карл отырғанда олар бұл ойынды Англия еліне әкеліп, сарай маңындағыларға үйреткен.
Бүгінгі біздің әңгімеміз футболды футбол етіп тұрған қақпа жайлы болмақ. Ең қызығы бірінші шыққан қақпа екі тік тұрған ағаш тіреуіштен тұратын. Қақпада ешқандай маңдайша болмағандықтан, көп жағдайда даулар мен келеңсіз оқиғалар орын алып отырған.
1866 жылдан бастап, екі тіреуіштің арасы жіппен керу міндетті ойын ережесіне енді. Осының арқасында қақпаның биіктігін бір деңгейге бекіту іске асырылып, түрлі дау-жанжалдардың пайда болу ықтималдылығын төмендетті.
1875 жылдан бастап Шеффилд футбол қауымдастығының бастамасымен қақпаға қатты материалдан маңдайшаны орнату туралы қаулы шықты. Дәл сол жылы қақпалардың өлшемдері бекітілді.
Футбол ережелеріне сәйкес стандартты қақпаның ені 7 метр 32 сантиметрді құраса, биіктігі 2 метр 44 сантиметр болуы тиіс. Сіздердің ойыңызда осындай дәлдіктің қажеті қанша деген сұрақ туындауы мүмкін. Егер сіз ағылшын болғаныңызда, басыңызда ондай сұрақ туындамас еді. Бірақ әр сұрақтың жауабы болуы керек. Солай емес пе? Біз жауап берейік. Бәрі тым оңай. Қақпаның ені 8 ярд болса, биіктігі сәйкесінше 8 фут.
1890 жылы Ливерпуль тұрғыны Джон Броди балық аулайтын торларды футбол қақпаларында қолдану туралы ұсыныс жасады. Айтпақшы, Джон Бродидің меншігінде тор тоқитын жеке фирмасы болған. Өз өніміне патент алған Джон торды ағылшын клубтарына сата бастады. Тарихта Джонның сол кезде мықты футбол клубтарының бірі "Болтон Уондерерске" осындай тордың бір данасын сатқаны жайлы дерек бар. Деректерге сүйенетін болсақ, футбол клубы Джонға сол кезде тор үшін алты пенс ақша төледі.
Алғаш рет футбол торы ресми түрде 1891 жылы 23 наурызда Солтүстік пен Оңтүстік Англия елдері арасында өткен футбол кездесуінде қолданылды. Бірнеше жылдан кейін бұл атрибутиканы футболистер барлық жерде пайдалана бастады. Англияның Футбол Қауымдастығы сол кезде футбол торының әрбір данасына 3 фунт 6 пенс пен 12 шиллинг төледі.
1934 жылы Джон Броди қайтыс болып, оның құрметіне Ливерпуль қаласынан Броди Авеню деп көше аты берілді. "Броди" компаниясы әлі күнге дейін футбол қақпаларына арнап тор тоқып келеді. Сарапшылар оның беріктігі мен төзімділігіне таң қалып жүр. Фирма тоқыған әр тордың 25 000 түйіні бар.
Сурет: futvicup.ua