Өтпей қалған Олимпиадалар

Коронавирус пандемиясының ушығуына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті Токио Олимпиадасын 2021 жылға шегеру туралы шешім қабылдады. Әлем бұл жаңалықты әр түрлі қабылдады. Бірі шешім асығыс қабылданды десе, енді бірі денсаулық бірінші орында деген ұстанымын білдірді.

Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ Халықаралық Олимпиада комитетініне төртжылдықтың басты додасын 1 жылға шегеруді ұсынды. Коронавирус пандемиясының өршіп тұрған уақытында ХОК басшысы Томас Бах ұсынысты қабылдаған. Биыл 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтуі қажет болған Олимпиада ойындары 2021 жылға қалды. Әзірге нақты қай мезгілде өтетіні анықталған жоқ.

"Олимпиаданы өткізбеу - қате болатынын түсіндік. Сондықтан спортшылар Олимпиадаға нағыз бабында келу үшін, ал көрерменге қауіпсіз болу үшін бір жылға шегеруді шештік", - деді Синдзо Абэ.

Тарихта Олимпиада алты мәрте уақытында өтпей, кейінге шегеріліп не өтпеген. Оның бесеуі соғысқа байланысты болса, енді біреуі ұйымдастырушылардың шешімі. 

1916 жылы әлем Бірінші дүниежүзілік соғысты бастан өткеріп жатты. Олимпиада ойынын Берлин қабылдауы қажет еді. Тіпті, байрақты бәсеке үшін арнайы стадион да салынған. Алайда күтпеген тұстан басталған соғыс бәріне тосқауыл болды. Алтыншы мәрте өтуі қажет болған Олимпиада ойыны тоқтатылып, соңында өтпей қалды. 

Хельсинки Олимпиадасының басталуына екі айдан аз уақыт қалған еді. Бірақ әлем халқы екінші ауыр соғыспен бетпе-бет келді. Адамзат тарихындағы ең алпауыт соғыс 1940 жылғы Олимпиада ойындарының өтуіне кедергі келтірді. Бұл жылы Қысқы Олимпиада ойындары да өтпей қалды.

Араға төрт жыл салып Олимпиаданы Лондон қабылдауы қажет болатын. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс әлі бітпеген еді. Италиядағы Қысқы Олимпиада да өтпей, төртінші Қысқы Олимпиада араға 12 жыл салып барып өтті.  

Әлемді жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң Олимпиада ойындары тек бір мәрте кейінге шегерілген. 1992 жылы Жазғы және Қысқы Олимпиада бірінен соң бірі өтті. Осыдан кейін ұйымдастырушылар келесі Жазғы Олимпиаданы екі жылдан соң, ал Қысқы Олимпиаданы төрт жылдан соң өткізуді шешті.