Футболдан Қазақстан премьер-лигасы аяқталды

Футболдан Қазақстан премьер-лигасы аяқталды
Фото: vesti.kz, fckairat.com, Ақтөбе ФК

Күні кеше футболдан Қазақстан премьер-лигасының соңғы туры өтті. Қарашаның қара суығына қарамастан маусымның соңғы ойынына жиналған жанкүйерлердің қарасы мол болды.

Әлі де ойын бар

Ел чемпионаты аяқталғанмен, алда әлі ойындар бар. Павлодардың "Ертіс" командасы премьер-лигада қалу үшін Шымкенттің "Қыран" командасымен өтпелі ойын өткізеді. Екі ойын қорытындысы бойынша басым болған команда келер маусымда премьер-лигада ойнайды. Бірінші ойын 16 қараша күні Шымкентте, ал қарымта матч 20 қарашада Павлодарда өтеді.

2018 жылғы Қазақстан кубогы да ел чемпионатынан кейін сарапқа салынатын болып бекітілген. 24 қараша күні ел кубогының Шымкентте өтетін финалында "Қайрат" пен "Атырау" кездеседі. Осы ойыннан кейін келесі жылы Еуропа лигасында ойнайтын төртінші клуб белгілі болады. Егер "Атырау" жеңсе, Қазақстан кубогының жеңімпазы ретінде аталмыш Еуропа лигасына қатысады. Ал "Қайрат" жеңсе, онда премьер-лигада төртінші орын алған "Ордабасы" клубы бақ сынайды. 

"Астанаға" қарсылас табылмай келеді

"Астана" футбол клубы бесінші жыл қатарынан ел чемпионы атанып, қазақ футболы тарихында жаңа жетістік шыңын бағындырды. Осыған дейін бірде-бір команда бес жыл қатарынан топ жармаған.

Елордалық команда ХХХІ турдан кейін-ақ чемпион атанып қойған. Соңғы турда Ертісті өз алаңында 4:0 есебімен ұтып, жанкүйерлерін қуантты. Ендігі күштерін Еуропа лигасына салады. Сондай-ақ келер жылы Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды.

"Қызылжар" мен "Ақжайық" - Бірінші лигада

Маусым қорытындысы бойынша Петропавлдың "Қызылжар" командасы мен Оралдың "Ақжайық" командасы Бірінші лигаға түсіп қалды. Екі команда да соңғы турда қарсыластарына 3 ұпайдан ұстатты. Оралдық клуб Талдықорғанда Жетісудан 3:1 есебімен ұтылса, петропавлдық клуб Қостанайдың Тобылына 3:0 есебімен есе жіберді.

"Оқжетпес" пен "Тараз" премьер-лигаға оралды

Өткен маусымда екі команда премьер-лигада соңғы орындарға тұрақтап, бірінші лигаға түсіп қалған еді. Биыл қайта оралды.

Рекордшы ҚПЛ-ғы соңғы голын соқты

Биылғы маусымда "Тобыл" футбол клубы қола жүлде еншіледі. Ал команда капитаны Нұрбол Жұмасқалиев мансабын аяқтады. Қостанайлық команда сапындағы соңғы ойында гол соғып, жанкүйерлеріне ерекше қуаныш сыйлады.

Команданы марапаттау рәсімінде қазақ футболының аңызы мансабын аяқтағанын айта кетті.

- Құрметті жанкүйерлер, футболсүйер қауым! Бүгін облыс футболы үшін, жанкүйерлер үшін ерекше күн. Алдымен, футболшылардың атынан облыс әкімі Архимед Бегежанұлына бізге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіргім келеді. Жанкүйерлерге ықыласым шексіз, алдағы уақытта олар біздің стадионды қуанышқа толтыратынына сенемін! Жігіттерді құттықтаймын! Олар ерледі. Олар өздерінің әлеуетін көрсетті. Мен сіздер үшін қуаныштымын. Сіздермен бірге ойнағаныма ризамын. Бапкерлер мен клуб әкімшілігіне де алғыс көп.

Бүгін мен футбол мансабымдағы соңғы ойынға шықтым. Келесі жылғы маусым алдында қоштасу матчын өткіземін.

Рахмет достар! "Тобылға" жанкүйер болыңыздар!, - деді футболшы.

Нұрбол Жұмасқалиев - Қазақстан премьер-лигасы тарихында ең көп гол соққан (167 гол) және ең көп ойынға қатысқан (523 ойын) футболшы. Бұл - рекордтық көрсеткіш.

"Қайрат" Аршавинді шапан жауып шығарып салды

Ресейлік танымал футболшы Андрей Аршавин "Қайрат" сапындағы соңғы ойынын өткізіп, футболдағы мансабын аяқтады. Алматылық ұжым ойыншыға шапан жауып, зор қошеметпен шығарып салды.

Жартылай қорғаушы ел чемпионатының соңғы турында "Шахтерға" қарсы кездесуде қоштасу ойынын өткізді. Екінші тайм басында алаңға шығып, бірнеше рет қонақтар қақпасын торуылдап көрді. Дегенмен ойында гол соғылған жоқ.

Ойын соңынан Андрей Аршавин стадион жанкүйерлеріне қол соғып, баршасына алғысын білдірді. Жергілікті жанкүйерлердің ыстық ықыласына рақметін жеткізді.

"Ақтөбе" ойыншысы  - ең үздік сұрмерген

Соңғы турда "Ақтөбе" өз алаңында "Қайсармен" кездесті. Ойында алаң иелері фаворит саналғанмен, қызылордалық команда жеңіске бастар жолды таба білді. Қонақтар 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Ел чемпионаты қорытындысы бойынша "Ақтөбе" клубының армениялық легионері Маркос Пизелли ең үздік сұрмерген атанды. Ол осы маусымда 18 гол соқты. Жарақатына байланысты чемпионаттың соңғы ойындарына қатыса алған жоқ.

Ө. Сансызбай