"Қазақстанда кәсіпқой бокс дамымаған" - Головкин

"Қазақстанда кәсіпқой бокс дамымаған" - Головкин
Фото: Роман Кушпелев

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин бүгін Алматыда баспасөз жиынына қатысты. Технодом сауда желісімен арадағы серіктестік жайлы айтып, тілшілер сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ алдағы жоспарларымен бөлісті.

GGG мен "Технодом" серіктестігінің сыры неде?

Баспасөз жиыны қос тараптың серіктестік орнатуына бағытталды. Негізінен бұл серіктестіктің басты мақсаты - қазақстандық жас боксшылардың әлемдік аренада танылуына жағдай жасау. Алғаш болып сөз алған "Технодом" компаниясының негізін қалаушы, директорлар алқасының төрағасы Эдуард Ким жобаның артықшылықтарын айта кетті.

-  Біздің ұсынысымызды қабыл алған Геннадий Головкинге алғысымызды білдіреміз. Компания үшін үлкен жетістік, алға өрлеу. Біріге отырып елімізде спорттың дамуына үлес қосатын боламыз.

Талантты боксшыларды қолдау керек, демеуші болу керек. Жаттығу жасауына жағдай жасалуы тиіс. Бірақ кәсіпқой боксты бастаған спортшы үшін мұның барлығы табыла қоюы қиын. Сондықтан да осындай серіктестік жобаны қолға алдық. Қазақстандық талантты боксшылар GGG Promotions промоутерлік компаниясына қосылуына жол ашылады. Қазақстанды әлемдік аренада танытуына мүмкіндік туады. Ал екінші жағынан "Технодом" ұзақ уақыт қаржылық жағдайын реттеп отыратын болады.

Біз жас спортшыларға тынбай төккен тер мен жасаған еңбектің жемісі боларын дәлелдегіміз келеді. Оның жарқын бір мысалы, өзіміздің Геннадий Головкин. Әлемді мойындатқан Қазақстанның халық батыры. Отанын, туған жерін бәр сәт те ұмытқан емес. Өзі секілді жас боксшылардың да елімізді әлемге танытқанын қалайтын жан, - деді Эдуард Ким.

Өз кезегінде Геннадий Головкин де бұл жоба алдағы басты жоспары екенін айта кетті.

- Біз жас спортшылардың кәсіпқой бокста өз орындарын тапқанын қалаймыз. Боксшының жетістігі жаттығуы мен күшіне ғана байланысты емес, оны ұйымдастыра да білу керек. Мен өзім мұның қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Жас боксшылардың аяқтан тұруына көмек қолын созғалы тұрған Технодом компаниясына алғысымды білдіремін.

Жоспар көп. Жұдырықтасуға болатын қарсыластарым да көп. Оларды қарастыратын боламыз. Келесі қарсылас кім болатынын, жекпе-жек қашан және қайда өтетінін алдағы уақытта айтамыз. Біріншіден бүгін біз серіктестік жобаны қолға алдық. Көмек пен қолдау білдіреміз. Осы біздің ең бірінші жоспар, - деді боксшы.

Қазақстандағы кәсіпқой бокстың жай-күйі

Қазіргі таңда кәсіпқой боксқа бет бұрып, мұхит асып, құрлық басып ел намысын қорғап жүрген боксшылар саны артып келеді. Гена да АҚШ-та промоутерлік компания ашқан. Арасында қазақстандық боксшылар да бар. Баспасөз жиыны кезінде GGG бұл жайында да айта кетті.

- Менің АҚШ-та тіркелген промоутерлік компаниям бар. Елімізден Али Ахмедов пен Руслан Мәдиев сонда жаттығуда. Екеуі де талантты боксшылар. Болашақта чемпион атанғылары келеді. Сол жолда еңбектеніп келеді. Алға қойған мақсаттары бар. Абель Санчес олармен бірге жұмыс жасауда, жаттықтыруда, - деді Гена.

GGG промоутерлік компаниясына боксшылар қалай іріктеледі?

Қазақстандық кәсіпқой боксшы промоутерлік компаниясына боксшылар қалай іріктелетіні жайлы да тілге тиек етті. Ол үшін боксшылардың тәжірибесі мен икемі басты назарда болады екен.

- Жарты жыл немесе бір жыл ғана жұдырықтасқан боксшылар менің командамда болады деп айта алмаймын.  Тәжірибесі болу керек. Өйткені мен олардың денсаулығына жауап беремін. Мақсаттарына жету үшін сенімді жоспарлары да болу керек. Біз таңдайтын боксшылар менімен бірге жаттығады. Бар білгенімді үйреткім келеді. Сондықтан да промоутерлік компаниям АҚШ-та. Себебі бір залда жаттыққанымыз аса пайдалы. Анығын айтсақ, Қазақстанда кәсіпқой бокс дамымаған. Жетістік шыңын бағындыру үшін сол салаға жақын жүру керек. Чемпиондармен бірге жаттығу керек. Спарринг өткізу керек. Ал Қазақстанда мұндай жағдай жасалмаған, - деді Головкин.

Головкин мансабын қашан аяқтайды?

Геннадий Головкин осы жылы 36 жасқа толды. Қазіргі таңда кәсіпқой бокстағы мансабын аяқтағаны дұрыс деп санайтындар қатары да арта бастады. Ал боксшының өзі не дейді?

- Бұл сұраққа жауап беру қиын. Осы жасқа дейін ғана жұдырықтасуға болады деген шектеу жоқ. Бокс - ең қиын спорт түрлерінің бірі. Бір соққының өзі бүкіл жоспарыңды күл-талқан етуі мүмкін. Мүмкіндік болса, ықылас болса жұдырықтасуды жалғастыра беремін, - деді GGG.

Қазақстандықтарға алғысы шексіз

Баспасөз жиыны соңынан қазақстандық кәсіпқой боксшы барша қазақстандықтарға алғыс білдірді. Жексенбінің таңында ерте тұрып қолдау білдіретіндері үшін рақметін жеткізді.

- Сіздерді өз жерімде көріп отырғаныма өте қуаныштымын. Мені қолдаған барша қазақстандықтарға алғысымды білдіремін. Жексенбінің таңында ерте тұрып жекпе-жегімді көріп, қолдау білдіретіндеріңізге рақмет айтамын, - деді боксшы.

Ө. Сансызбай