- Негізгі бет
- Маккала
- Жаңа маусымдағы "Арландар"...
Жаңа маусымдағы "Арландар" құрамында қандай өзгерістер бар?
Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) өнер көрсететін "Астана арландары" командасының бас жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков Vesti.kz порталының тілшісіне жаңа маусымдағы және құрама сапындағы өзгерістер туралы айтып берді.
- Бірінші кездесу 10 ақпанда өтеді. Команда қазір Таразда дайындалып жатыр. Онда спарринг қарсылас табу оңай. Бірінші жаттығу жұмыстарын өткіздік. Барлық жігіттер маусымға сақадай-сай. Бірінші кездесуде үндістандық командамен кездесеміз.
Әу баста негізі біз 3 ақпан күні Қытай елінің командасымен кездесуіміз керек еді. Бірақ бұл кездесуді кейінге шегерді. Ол кездесуде қатысатын жігіттерді де таңдап қойған едім. Сол боксшылар алдағы кездесуге қатысады. Бірінші кездесуден-ақ ұлттық құрама боксшыларынан көмек сұрағанымыз дұрыс болмас. Жақсы жігіттер бар. Соларды тексеріп көреміз.
Қазір бізбен Әбілхан Аманқұл жаттығып жүр. "Астана арландары" үшін бірнеше кездесу өткізеді деп сенемін. Мені ұятқа қалдырмайды. Сенімді боксшы. Мен өзім жеке дайындаймын. Бес раундтық кездесулерде ол керемет жұдырықтасады.
- Нұрлан Сәкенұлы, команданың жаңа құрамы туралы айтып берсеңіз ...
- 52 келіге дейінгі салмақта екі дебютант - Ақниет Балтабаев пен Бағдат Толыбаев өнер көрсетеді. Екеуі де әлі бес раундтық кездесу өткізбеген. Қайсысы дайын болса, сол шаршы алаңға шығады.
60 келіге дейінгі салмақта Серік Теміржанов пен Әлімжан Бескемпір деген жігіттер бар. Бұлар да бес раундтық кездесуге қатыспаған.
69 келіде Бекболат Құрамысов пен Бекзод Халметов жұдырықтасады. Тәжірибелері көп емес. Тек Халметов ғана бір рет бес раундтық жекпе-жек өткізген.
81 келіде бізде Нұрдәулет Жарманов бар. Ол - тәжірибелі боксшы.
Аса ауыр салмақта Дмитрий Зиско мен Нұрсұлтан Аманжолов бар. Екеуі де бес раундтық кездесу өткізген. Бірақ жеңіліп қалған. Аманжолов мықтырақ секілді. Осы жігіт жұдырықтасатын шығар.
- Бұл екінші бестік қой, яғни С2. Ал бірінші бестікте кімдер өнер көрсетеді?
- 49 келіде тәжірибелі Мардан Берікбаев бар. Сонымен қатар Данияр Ибраев деген жігіт өнер көрсетеді. Мардан егде боксшы. Дегенмен мен оған сенім артамын.
56 келіде Нұрсұлтан Көшеғұлов пен Жанболат Қыдырбаев бар. Екі боксшы да жобада жұдырықтасқан, тәжірибелі жігіттер.
Ділмұрат Мижитов 64 келі салмақтың бірінші нөмірлі боксшысы болады. Мен оған өткен маусымда да сенім артқанмын. Екінші боксшы Асқар Ерубек. 1999 жылы дүниеге келген. Болашағынан зор үміт күттіреді.
75 келіде жас Аман Қазанғапов пен тәжірибелі Сапарбай Айдаровқа сенімді артылды.
Арбек Абуғаниев пен Әбілқайыр Тұрланбек 91 келіге дейінгі салмақта сынға түседі. Екеуі де бұл жобада өнер көрсетпеген. Дегенмен жақсы жігіттер. Сенімнен шығары деп үміттенемін.
Еске салайық, бұған дейін Бүкіләлемдік бокс сериясының сегізінші маусымында "Астана арландары" Қытай, Үндістан және Ресей елдерінің командаларымен кездесетіні белгілі болған еді. Жобаның топтық кезеңі ақпан, наурыз және сәуір аралығында өтеді.
О. Сансызбай