Қазақстанда теннис спортының дамуы мен әсер етуші факторлар

Қазақстанда теннис спортының дамуы мен әсер етуші факторлар
Фото: Vesti.kz

Қазақстан теннис федерациясы 2017 жылды қорытындылап, жыл үздіктерін марапаттады. Алқалы жиын барысында федерация президенті Болат Өтемұратов елімізде теннис спортының дамуы мен оған әсер етуші факторлар жайын айта кетті.

Қорытынды есептік конференцияда Болат Өтемұратов биылғы федерация жұмысына көңілі толатынын жеткізді. 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттарын басты назарға ала отырып, теннис спортының 10 жыл ішіндегі көрсеткіштері мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ елімізде теннис спортының дамуына әсерін тигізетін негізгі үш факторды назарға алды.

Болат Өтемұратовтың назарға алған үш факторының бірі – тәжірибелі жаттықтырушылар. Бүгінде бұл фактор тұрғысынан алғанда, білікті мамандар саны артып келеді. Екінші фактор – халықаралық жарыстарға қатысу. Соңғы жылдары қазақстандық теннисшілер ірі халықаралық жарыстарда жүлделі орыннан көрініп, айтарлықтай жетістіктерге жетуде.

- Қазақстан ерлер құрамасының Дэвис кубогындағы жетістігін ерекше атап өтуге болады. Біз 6 жыл бойы кіл мықтылар қатысатын топта бақ сынап келеміз. Соңғы рет чемпион атанған Аргентина құрамасын ұтты. Тәжірибелі теннисшіміз Андрей Голубев болмаса да жеңіске жете білді. Бұл қазақстандық теннисшілердің бұл топта кездейсоқ жүрмегенін бір дәлелдеді, - деді федерация президенті.

Кез келген спорт түрінің дамуына себепші бір фактор, ол – инфрақұрылым. Бүгінде елімізде 184 теннис корты бар екен. 2018 жылы пайдалануға берілетін теннис алаңдары баршылық. Бұл жайында да Болат Өтемұратов айта кетті.

- Тенниспен айналысу үшін инфрақұрылым саласы бойынша өзімізге алған міндеттемені орындадық және 2017 жылы еліміздің барлық өңірлеріндегі корттар санын 184-ке жеткіздік. 2018 жылдың басында Петропавл қаласында бірінші теннис орталығы ашылады.

Федерация президентінің айтуынша, алдағы уақытта елімізде теннис орталықтарын салудың екінші кезеңі басталады. 2018 жылы Шымкенттегі жұмыс істеп тұрған теннис орталығында екі жабық корт, жаттығу залы мен қонақ үй пайдалануға беріледі. Осылайша, бұл орталық халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі.

- Келесі жылы Алматыда «Эйс» жаңа теннис орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Ол жеке инвестиция есебінен, Теннис федерациясының толықтай қаржыландыруымен салынып жатыр. Сонымен қатар Ақтөбеде де тағы бір теннис орталығы салынуда. Астанада да 14 корты бар теннис орталығы салынатын болады. Мұнан бөлек, Қарағанды, Ақтау, Тараз қалаларында құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Қызылордада жабық корттар санын арттырамыз, - деді Болат Өтемұратов.

Еліміздің шағын қалаларында да теннис орталықтарын ашу көзделуде. Қазіргі уақытта Лсаковск пен Рудный қалалаларында салынатын теннис орталықтарының жобасы қабылданған.

- Талдықорған мен Қостанайда да жаңа теннис орталықтарын мүмкіндігінше салу қажет. Ал Өскеменде жұмыс істеп тұрған теннис орталығында корттар санын арттыру қажет, - деді федерация басшысы.

Болат Өтемұратов Қазақстан теннис федерациясын 10 жылдан бері басқарып келеді. Осы уақыт аралығында елімізде теннис спортының дамуына қосқан үлесі орасан. Қорытынды есептік конференцияда осы спорт түрінің дамуы үшін өз атынан 60 миллион доллар көлемінде қаржы да жұмсаған.

- Елімізге келген легионерлерді өз атымнан қаржыландырып келемін. Мемлекет бюджетінен алған емеспіз. Мен осы жылдар аралығында теннистің дамуы үшін 60 миллион доллар көлемінде қаржыны өз қалтамнан шығардым. Мұндай федерация жоқ. Бізге келгенде легионерлер рейтингте 180, 160, 140-орындарда болатын. Недовесов тіпті студенттер лигасында ойнап жүрген, - деді Болат Өтемұратов.

Қорытынды есептік конференцияда федерация президенті елімізде теннис спортының дамуына елеулі үлес қосып жүрген 30-ға жуық адамды құрмет грамоталары және естелік сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ теннис федерациясы мына аталым бойынша 2017 жылдың үздіктерін анықтады. Олар: «12 жасқа дейінгі үздік ойыншы, «14 жасқа дейінгі үздік ойыншы», «12 жасқа дейінгі спортшылардың үздік жаттықтырушысы», «14 жасқа дейінгі спортшылардың үздік жаттықтырушысы», «14 жастан жоғары спортшылардың үздік жаттықтырушысы» және тағы басқа бірнеше аталым бойынша жыл бойы үздік өнер көрсеткен спортшыларға сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, бүгінде елімізде 6000-ға жуық бала теннис спортымен шұғылданады. 

О. Сансызбай