Бокстан ХХV ел чемпионаты аяқталды

Бокстан ХХV ел чемпионаты аяқталды
Фото: Данияр Майлыбаев

Бокстан ХХV ел чемпионаты аяқталды. Шымкент төрінде шаршы алаңға шыққан кіл мықты боксшылар өзара кім мықтыны анықтады. 

Жоғары деңгейде өткен жарыста жанкүйерлер күтпеген нәтижелер де болды. Кәсіпқой бокста бақ сынап үлгерген боксшылардың да жеңілгенін көрдік. Жалынды жас боксшылардың жеңіске деген жігері мен қайтпас қайсар мінездеріне де куә болдық. Төрешілер шешімі қайта қаралып, жеңімпаз қайта анықталған сәттер де болды. Тіпті финалда да мұндай жағдайлар қайталанды. Қош, сонымен ел чемпионатының қорытындысы жайлы айта отырайық.

49 кг

Жеңіл салмақта Теміртас Жүсіпов чемпион атанды. Жарыс жеребесі тартылысымен финалда Теміртас пен Шалқар Айқынбайдың кездесуі бек мүмкін екені айтылған. Айтқандай-ақ қос боксшы финалда кездесті. Бірінші раундта Жүсіпов қабағынан жарақат алғанмен, жекпе-жекті жалғастырып, жеңіске бастар жолды таба білді.

Бұл салмақтағы үздік боксшылардың бірі Жомарт Ержан ел чемпионатына қатысқан жоқ. Гамбургтегі әлем чемпионатында қола алған боксшы Қазақстан жаттықтырушылар кеңесінің шешімімен демалысқа шыққан еді.

Жеңімпаз: Теміртас Жүсіпов (Ақмола обл.)
Күміс жүлде: Шалқар Айқынбай (ОҚО)
Қола жүлдегерлер: Сабыр Жолаушиев (Павлодар обл.) және Жандос Несіпжан (Ақмола обл.)

52 кг

Бұл салмақтағы жекпе-жектер тартысты өтті. Азамат Исақұлов, Олжас Байниязов, Олжас Сәттібаев сынды боксшылар бас жүлдеден әуелде-ақ үмітті болды. Алайда "Astana Arlans" капитаны бірінші жекпе-жегінде жеңіліп, жарысты аяқтады. Анвар Мұзафаровпен болған жекпе-жектің екінші раундында жарақат алып, оған дейінгі соққылар нәтижесі бойынша Сәттібаевқа сәттілік серік болмады.

52 кг-ға дейінгі салмақтың финалында Азамат Исақұлов пен Олжас Байниязов жұдырықтасты. Жекпе-жекті Олжас ширақ өткізді. Бір қарағанда жеңімпазды анықтау оңай болған жоқ. Бұл төрешілердің бір емес, екі рет шешім шығаруына себеп болды. Шаршы алаңда төреші Азаматтың қолын көтергенмен, соңынан Олжас ел чемпионы деп танылды.

Жеңімпаз: Олжас Байниязов (ОҚО)
Күміс жүлде: Азамат Исақұлов (Маңғыстау обл.)
Қола жүлдегерлер: Анвар Музаппаров ((Алматы обл.) және Абай Қуандықов (Ақтөбе обл.)

56 кг

Бұл салмақта ұлттық құрама боксшысы Қайрат Ералиев ел чемпионатына қатысқан жоқ. Сондықтан осы салмақта бақ сынауға бел буған Ілияс Сүлейменов фавориттер көшін бастады. Астаналық боксшы бұл үддеден шыға білді. Финалда Жамбыл облысынан келген Жанболат Қыдырбаевты айқын жеңіп шықты. Ал финалға шығуы мүмкін деп күтілген маңғыстаулық боксшы Нұрбол Қалжанов қола медальды қанағат тұтты.

Ілияс Сүлейменов екінші рет ел чемпионатында топ жарып отыр. Осыған дейін 2012 жылы жеңіс тұғырынан көрінген.

Жеңімпаз: Ілияс Сүлейменов (Астана)
Күміс жүлде: Жанболат Қыдырбаев (Жамбыл обл.)
Қола жүлдегерлер: Нұрсұлтан Көшеғұлов (Ақмола обл.) және Нұрбол Қалжанов (Маңғыстау обл.)

60 кг

Бұл салмақта Берік Әбдірахманов жеңімпаз атанды. Маңғыстаулық боксшы басты қарсыластарын айқын жеңді. Тәжірибесі мен бабын байқатты. Бірнеше ай демалыстан кейінгі үзілістен кейін үздік шығуға дайындалып-ақ келгені көзге ұрып тұрды. Жартылай финалда шығысқазақстандық Әділет Құрметовты жеңсе, финалда Оңтүстік Қазақстан облысының боксшысы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Закир Сафиуллиннен айласын асырды.

Жеңімпаз: Берік Әбдірахманов (Маңғыстау обл.)
Күміс жүлде: Закир Сафиуллин (ОҚО)
Қола жүлдегерлер: Ертуған Зенулинов (Алматы обл.) және Әділет Құрметов (ШҚО)

64 кг

Оңтүстікқазақстандық боксшы Бекдәулет Ибрагимов екінші жыл қатарынан ел чемпионы атанды. Былтыр Павлодарда өткен ел чемпионатының финалында Қуан Қуатовты жеңсе, биыл финалда Сабыржан Бекбергеновтен басым шықты. Сондай-ақ Бекдәулет биылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Әлем чемпионатында жүлделі орыннан көріне алмады.

Жеңімпаз: Бекдәулет Ибрагимов (ОҚО)
Күміс жүлде: Сабыржан Бекбергенов (Ақмола обл.)
Қола жүлдегерлер: Қуан Қуатов (Павлодар обл.) және Санатәлі Төлтаев (Алматы қ.)

69 кг

Қазақтың салмағы деп танылған бұл салмақ дәрежесінде жанкүйерлер нағыз бәсекелестікті күтті. Алайда Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов қатысқан жоқ. Абылайхан Жүсіпов те әлем чемпионатынан кейін демалыс алып, Шымкент шаршы алаңына шықпады. Ал Садриддин Ахмедов кәсіпқой боксқа ауысып кетті. Нәтижесінде 69 кг-ға дейінгі салмақта Асланбек Шымбергенов фаворит болды. Жамбыл облысының боксшысы финалда елордалық Қанағат Мараловты жеңіп, жеңімпаз атанды.

Жеңімпаз: Асланбек Шымбергенов (Жамбыл обл.)
Күміс жүлде: Қанағат Маралов (Астана)
Қола жүлдегерлер: Бекболат Құрамысов (Алматы обл.) және Рустам Шаймерденов (Қарағанды обл.)

75 кг

Бұл салмақта ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшысы, 2016 жылғы ел чемпионы Әбілхан Аманқұл қатыспады. Биыл Гамбургте өткен әлем чемпионатында күміс медаль алған боксшы демалысқа шыққан болатын. Сондықтан бұл салмақта Ерік Әлжанов пен Сапарбай Айдаров бас жүлдеден үмітті болды. Алайда екі боксшы жартылай финалда жолығып, Ерік жеңіске жетті. Ал финалда маңғыстаулық боксшы ОҚО боксшысы Абай Төлештен 3:2 есебімен жеңілді.

Жеңімпаз: Абай Төлеш (ОҚО)
Күміс жүлде: Ерік Әлжанов (Маңғыстау обл.)
Қола жүлдегерлер: Сапарбай Айдаров (Алматы қ.) және Владислав Столбовски (Қарағанды обл.)

81 кг

Иә, бұл салмақ дәрежесінде жанкүйерлер былтырғы ел чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен екі бірдей Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтің жекпе-жегін күтті. Алайда Жәнібектің жолы болмады. Ширек финалда қостанайлық Михаил Коханчиктен жеңіліп, жарысты аяқтады. Кәсіпқой бокста бірнеше жекпе-жек өткізіп үлгерген Жәнібек сылбыр жұдырықтасты. Нәтижесінде ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов пен жанкүйерлердің сынға алғаны жасырын емес. Ал Жәнібекті қазір жарақаты, әлде өзге себеп пе мазалап жүргені белгісіз.

Қош, сонымен бұл салмақта Әділбек Ниязымбетов ел чемпионы атанды. Финалда жерлесі Бекзат Нұрдәулетов жарақатына байланысты жекпе-жекке шыққан жоқ.

Жеңімпаз: Әділбек Ниязымбетов (Маңғыстау обл.)
Күміс жүлде: Бекзат Нұрдәулетов (Маңғыстау обл.)
Қола жүлдегерлер: Бек Нұрмағанбет (ОҚО) және Михаил Коханчик (Қостанай обл.)

91 кг

Бұл салмақтағы финалдық жекпе-жек тартысты өтті. Төрешілерге де жеңімпазды анықтау оңай болмады. Өткен жылы ел чемпионы атанған Антон Пинчук пен атыраулық Нұрбол Алтаевтың жекпе-жегі жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Алайда жиналған көпшілік Нұрболдың жұдырықтасу шеберлігіне қол соқты. Төрешілер 3:2 есебімен Антонды жеңімпаз деп таныды.

Жеңімпаз: Антон Пинчук (Қостанай обл.)
Күміс жүлде: Нұрбол Алтаев (Атырау облысы)
Қола жүлдегерлер: Абзал Құттыбеков (ОҚО) және Мұхамеджан Еркін (ОҚО)

+91 кг

Аса ауыр салмақта Нұрсұлтан Аманжолов ел чемпионы атанды. Финалда павлодарлық боксшы Олжас Бұқаевты жеңді.

Жеңімпаз: Нұрсұлтан Аманжолов (Жамбыл облысы)
Күміс жүлде: Олжас Бұқаев (Павлодар облысы)
Қола жүлдегерлер: Нұрболат Сермаханов (Астана қ.) және Айболды Дауренұлы (Маңғыстау обл.)

Жалпыкомандалық есеп бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының боксшылары бірінші орын алды. Олар 3 алтын 2 күміс 3 қола медаль жеңіп алды. Екінші орынға Маңғыстау облысының боксшылары ие болса, үштікті Жамбыл облысының боксшылары түйіндеді.

Жалпы есеп:

1. ОҚО- 3 алтын 2 күміс 3 қола
2. Маңғыстау облысы – 2 алтын 3 күміс 2 қола
3. Жамбыл облысы – 2 алтын 1 күміс
4. Ақмола облысы – 1 алтын, 1 күміс, 2 қола
5. Астана – 1 алтын 1 күміс 1 қола
6. Қостанай облысы – 1 алтын 1 қола
7. Павлодар облысы – 1 күміс 2 қола
8. Атырау облысы – 1 күміс
9. Алматы облысы – 3 қола
10. Қарағанды облысы – 2 қола
11. Алматы қаласы – 2 қола
12-13. ШҚО – 1 қола
12.13. Ақтөбе облысы – 1 қола

Ел чемпионатының ең үздік боксшысы

Қазақстан бокс федерациясы Шымкенттегі ел чемпионатының үздік боксшысын анықтады. Бұл марапатқа Жамбыл облысының намысын қорғап, 69 келіге дейінгі салмақта ел чемпионы атанған Асланбек Шымбергенов ие болды. Оған марапатты 2004 жылғы Афины Олимпиадасының жеңімпазы жерлесі Бақтияр Артаев табыстады. 

Мырзағали Айтжанов ел чемпионаты жайлы

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов жарыс соңынан сұхбат беріп, биылғы дода мен жас боксшылар жайлы өз ойын тікелей эфирде білдірді. 

- 10 күндей уақытқа созылған ел чемпионаты да өз мәресіне жетті. Барлық облыс боксшылары мықты дайындалған. Көп салмақта көзге түскен боксшылар бар. Барлық салмақта келешегі бар жас боксшыларды байқадық. Ұлттық құраманың жаңа тізімі осы айдың соңында түзіледі. Қаңтардан бастап оқу-жаттығу жиынына кірісеміз. 2018 жылғы басты жарыстың бірі – Азия ойындары. Шілде айында осы жарысқа баратын 10 үздік боксшының есімін атайтын боламыз, - деді жаттықтырушы. 

Ө. Сансызбай