Ислам Байрамуков: "Ақжүрек тәжірибесі мол балуан"

Ислам Байрамуков: "Ақжүрек тәжірибесі мол балуан"
Фото: massaget.kz

Бүгін Алматыда Алаш арыстарына арналған аламан бәйгеге қатысты баспасөз жиынында Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, белгілі балуан Ислам Байрамуков кеше ғана Нью-Делиде Азия чемпионы атанған қазақ балуаны Ақжүрек Таңатаровтың жеңісіне қатысты өз ойын білдірді.

- Ақжүректің финалдағы қарсыласы осал емес еді. Өзбек Азия чемпионатында жүлделі орыннан көрініп жүрген балуан. Риодағы Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанған. Ал Ақжүрек Бразилия жеріндегі додаға қатыса алған жоқ.

Ақжүрек көз алдымызда өскен жігіт. Өзінің еңбегінің арқасында биік белестерді бағындырды. Қайтпас қайсар мінезі бар. Бір кездері бұл балуанның спорттағы мансабы аяқталғаны жайлы да айтылды. Бірде сұрағанымда ойланып жүргені туралы айтқан. Күрес осы күнге дейін менің түсіме  кіреді. Ойың болса жалғастыр дегенмін. Әйтпесе кеш болып қалуы мүмкін.

Бізде еркін күрестен Азия чемпионы атанған санаулы ғана балуандар бар. Токиодағы Олимпиадаға дейін төрт жыл бар. Ақжүректің зор мүмкіндігі бар. Төрт жыл – ұзақ та мерзім, бір шетінен зымырап өте шыққанын білмей де қаласың. Соған дайын болу керек. Ақжүректің тәжірибесі мол.

Қазіргі таңда күресте салмақ та ауысып жатыр. Келесі жылдан бастап басқа салмақ болады. Осы 70 келі Ақжүректің салмағы. Одан төмен түссе әлсіреп қалады. Тамыз айында Францияда өтетін әлем чемпионатына қатысады. Онда да жүлделі орыннан көрінеді деп ойлаймын, - деді Ислам Байрамуков.

Айта кетейік, Ақжүрек Таңатаров 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алған балуан.

Ө. Сансызбай