Қазақстанның қысқы Универсиада ойындарындағы ең үздік нәтижесі жаңарды

Қазақстанның қысқы Универсиада ойындарындағы ең үздік нәтижесі жаңарды
Фото: massaget.kz

Алматыда өтіп жатқан ХХVIII қысқы Универсиада ойындарында қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетуде. Төрт күннің қорытындысы бойынша 6 алтын, 2 күміс, 7 қола медальға қол жеткізді. Нәтижесінде Қазақстанның қысқы Универсиада ойындарындағы үздік нәтижесі жаңарды.

Қазақстан құрамасы қысқы Универсиада ойындарына алғаш рет 1993 жылы қатысты. Польша жерінде өткен жарыста бұйырғаны бір күміс медаль болды. Араға екі жыл сала Испанияда өткен Универсиада ойындарында 2 алтын, 1 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 8-орынға ие болды. Ал одан кейінгі 1997, 1999, 2001 және 2009 жылдары отандастарымыз қысқы Универсиада ойындарына қатысқан жоқ.

Қазақстанның қысқы Универсиада ойындарындағы ең үздік нәтижесі 2015 жылы Гранада (Испания) мен Штрбске-Плесода (Словакия) өткен жарыста тіркелді. Отандастарымыз жалпыкомандалық есепте үшінші орын (5 алтын, 6 күміс) алды. Бұл көрсеткіш - Қазақстан құрамасының өз тарихындағы ең ірі жетістігі болатын.  Бүгін бұл жетістік жаңарды. Қысқы додада алған алтын жүлделеріміздің саны 6-ға жетті. Ал жалпы медальдар саны бойынша рекорд жаңарды. Алда әлі 6 күн барын ескерер болсақ, қазақстандық спортшылар талай рет жеңіс тұғырынан көрінеріне сеніммен қараймыз.

Қазақстанның қысқы Универсиададағы нәтижелері:

1. 1993 жыл. Закопане (Польша) – 1 күміс. Жалпыкомандалық есепте – 16-орын
2. 1995 жыл. Хака (Испания) – 2 алтын, 1 қола.   Жалпыкомандалық есепте – 8-орын
3. 2003 жыл. Тарвизио (Италия) – 2 алтын, 2 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте – 10-11-орын
4. 2005 жыл. Инсбрук (Австрия) – 4 алтын, 1 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте – 7-орын
5. 2007 жыл. Турин (Италия) – 2 алтын, 1 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте – 13-орын
6. 2011 жыл. Эрзурум (Түркия) – 1 алтын, 5 қола. Жалпыкомандалық есепте – 18-орын
7. 2013 жыл. Трентино (Италия) – 2 алтын, 2 күміс, 1 қола. Жалпыкомандалық есепте – 15-орын
8. 2015 жыл. Гранада (Испания),  Штрбске-Плесо (Словакия) - 5 алтын, 6 күміс. Жалпыкомандалық есепте – 3-орын.

Айта кетейік, Алматыда  өтіп жатқан ХХVIII қысқы Универсиада ойындарында алтын медальды биатлоншылар Алина Райкова мен Галина Вишневская, могулшылар Дмитрий Рейхард пен Юлия Галышева, шаңғышы Иван Люфт және де фристайлшылар Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек командалық сында жеңіп алды. 

Күміс медальдарды биатлоншы Галина Вишневская мен фристайлшы Жібек Арапбаева иемденді. 

Қола медальдарды шаңғышылар Анна Стоян мен Анна Шевченко (екі жүлде), биатлоншы Роман Еремин, конькиші Екатерина Айдова, фристайлшы Павел Колмаков пен Жанбота Алдабергенова алды. 

О. Сансызбай