Премьер-лига. «Ертіс» ұпай жоғалтты

Премьер-лига. «Ертіс» ұпай жоғалтты
Фото: vk.com

Футболдан ел премьер-лигасының  VI тур ойындары мәресіне жетті. Көш басында келе жатқан Павлодардың «Ертісі» сырт алаңда «Ақтөбемен» тең ойнап, ұпай жоғалтты. Назарларыңызға ойындарға арналған қысқа шолуымызды ұсынамыз.

Аруна «Астанаға» жеңіс сыйлады

VI тур қорытындысы бойынша елордалық «Астана» турнир кестесінде жеке дара көш бастады. Станимир Стойлов жаттықтыратын клуб бұл турда Қостанайдың «Тобыл» клубын ұтты. «Астана Арена» стадионында өткен ойында алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды Аруна Лукман соқты. Нигериялық легионер клуб сапындағы екінші ойынында-ақ нәтижелі соққысымен көзге түсіп отыр.

«Қайрат» көштен қалып барады

Аматының «Қайраты» әлі өз ойынын таба алар емес. Өткен турда Қарағандының «Шахтерымен» тең ойнаса, бұл турда «Ордабасыға» есе жіберді. Шымкентте өткен ойында Кахабер Цхададзе командасы алаң иелеріне қарсы қауқар таныта алмады. Есесіне 55 минутта Филипп Касалицаның соққан голы алаң иелеріне жеңіс сыйлады.

«Оқжетпес» - осал емес

Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы маусым басын сәтті бастады. VI турда Владимир Мұқанов жаттықтыратын клуб Қарағандының «Шахтер» клубын ұтты. Ойындағы жалғыз голды клубтың украиналық қорғаушысы Олександр Чижов соқты. Нәтижесінде «Оқжетпес» төртінші ойын қатарынан жеңіске жетіп, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.

«Атырау» алғаш рет ұтты

Маусымды ала-құла бастаған «Атырау» алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Батысқазақстандық дербиде атыраулық ұжым Оралдың «Ақжайығынан» басым түсті. Кездесуде 2:0 есебі тіркелді. Павел Шабалин мен Пшемыслав Тритконың голдары алаң иелеріне 3 ұпай сыйлады.

«Жетісу» «Таразды» жеңді

VI турда Талдықорғанның «Жетісу» футбол клубы да маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. «Таразға» қарсы ойында Душан Савич пен Марко Симоновский гол соқса, қонақтар қатарынан бір голды Малик Мане өз еншісіне жазды.

Лорияның қақпасына Смақов гол соқты

Бес ойын қатарынан гол соқтырмаған «Ертіс» қақпашысы Давид Лория VI турда өз қақпасын голдан құтқарып қала алмады. Павлодарлық клуб Ақтөбеде Юрий Уткульбаев жаттықтыратын «Ақтөбемен» тең ойнап, 1:1 есебімен тең тарқасты. 35 минутта Гогита Гогуа пенальтиден есеп ашса, 86 минутта Самат Смақов пенальтиден таразы басын теңестірді.

Турнир кестесі

  Командалар     Ойын    Жеңіс    Тең ойын    Жеңіліс    Голдар    Ұпай саны  
1  Астана 6 6 0 0 10-3 18
2 Ертіс 6 5 1 0 12-1 16
3  Оқжетпес 6 4 1 1 9-3 13
4  Ордабасы 6 3 1 2 9-9 10
5  Ақтөбе 6 2 2 2 8-9 8
6  Тобыл 5 2 1 2 7-5 7
7  Ақжайық 6 2 0 4 3-9 6
8  Жетісу 6 1 2 3 6-8 5
9  Қайрат 6 1 2 3 4-6 5
10  Тараз 6 1 1 4 6-10 4
11  Атырау 5 1 1 3 3-7 4
12  Шахтер 6 0 2 4 1-8 2
Ө. Сансызбай