Ермек Имамбеков: «Олимпиада ойындарында бір алтын және бір қола алу жоспарымызда бар»

Ермек Имамбеков: «Олимпиада ойындарында бір алтын және бір қола алу жоспарымызда бар»
Фото: fdk.kz

Биыл әлемнің спорт қауымдастығы үшін ең маңызды деп есептелетін Олимпиада ойындары өткізіледі. Осы байрақты бәсекеге еліміздің дзюдо күресінен ұлттық құрамасы тыңғылықты дайындалуда. Жарты жылдың ішінде команда лицензия алу үшін ұпайлар беретін бірқатар жарыстарда бағын сынап көрмек. Қазір ерлер командасы Жапонияның Токай университетінде оқу-жаттығу өткізіп, шеберліктерін шыңдап жатыр. Біз бас бапкер Ермек Әбуұлымен телефон арқылы тілдестік. 

Ермек Әбуұлы, байрақты бәсекеге аздаған уақыттар қалды. Жалпы ұлттық құрамадағы жігіттердің дайындығы қалай, Жапониядағы жаттығуларыңыз қандай деңгейде өтіп жатыр?

- Рахмет, барлығы ойдағыдай. Жапон балуандарының шеберліктерін айтпасада бүкіл әлем біледі ғой. Сондықтан олардан үйренетініміз көп. Өзімізге қажетті тәсілдерін меңгеріп, керегін алып жатырмыз. Жаттығу жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жігіттер тыңғылықты дайындық үстінде.

Ел құрамасының жақын уақыттағы жоспардарымен бөліссеңіз....

- Алдағы уақытта бірқатар маңызды жарыстар бар. Оған еліміздің командасы қатысуға дайын, дзюдо жанкүйерлері құрама сапымен федерацияның ресми сайтынан танысып отыра алады. Алты спортшымыз Парижде ұйымдастырылатын «Grand Slam» жарысына қатысады, ал тағы 16 спортшы Австрияға «European Open» турнирінде бақ сынайды. Мұнан кейін дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Германияның Дюссельдорф қаласында ақпан айының 19-21 арасында өтетін «Grand-Prix» турниріне бірқатар дзюдошыларымыз барады.

Өзіңіз кезінде жастар құрамасын жаттықтырғаныңызды білеміз, сол кезде Елдос Сметов жастар арасында әлем чемпионы болғаны ел есінде,  сізден тәлім алған Хатип Арсен де бүгінде жастар құрамасының аға бапкері болып, жолыңызды қуып келеді. Жақында федерацияның вице-президенті Марат Сәменбекұлы сұхбатында жастар арасынан бірқатар спортшы ересектер құрамасында тәжірибе жинақтайды деп айтқан болатын, олар толыққанды ересектер командасына ауысты ма?

- Мағжан Шәмшәдин, Бауыржан Жауынтаев әзірге жастар құрамасының сапында. Дегенмен біз жастар құрамасында жақсы көрсеткіштерге жеткен аталмыш дзюдошыларымызды ересектердің резервтік тобына кіргіздік, олар Австрияда өтетін «European Open» жарысына барады. Ал, жастар арасында әлем біріншілігінде үшінші орын алған Никита Азаровты негізгі құрамға алдық. Біз жақында болатын жарыстарды ғана емес, одан кейінгі Олимпиаданы да ойлаймыз. Жастарды жетелейміз, себебі 2020 жылғы Олимпиадаға осы бастан зер салып, көңіл бөлу керек. Жастардың болашағы зор.

Қай спортшыға Олимпиада да үміт артып отырсыз және қанша лицензиға алу жоспарларыңызда бар, сондай-ақ, байрақты бәсекеден қанша медальға үміттісіздер?

- Бізде мамыр айына дейін лицензия алу үшін ұпай жинауға әлі уақыт бар. Сондықтан әр салмақтағы спортшыларымыз көбірек ұпай жинауға тырысатын болады. Әзірге нақты Олипиадаға кім баратынын дөп басып айту қиын. Саңлақтарымызды бөлгім келмейді. Барлығында да мүмкіндік бар. Жалпы 6 лицензия ұтып, Олимпиада ойындарында бір алтын және бір қола алу жоспарымызда бар.

Әңгімеңізге рахмет. Жарыс жолында жеңіс тілейміз.

ҚР дзюдо федерациясының

баспасөз қызметі

Ө. Сансызбай