Өмірәлі Нышан: "Алға қойған мақсатыңнан таймау керек"

Өмірәлі Нышан: "Алға қойған мақсатыңнан таймау керек"
Фото: http://kaztkd.kz/

Паратаеквондодан әлем чемпионы, кәрі құрлық біріншілігінің 2 дүркін күміс жүлдегері, соңғы жылдардағы паратаеквондо спортында үздік атанып жүрген қандасымыз Өмірәлі Нышан болашақ жоспарларымен бөлісті. Ағымдағы айдың 17 қыркүйек күні Түркияда паратаеквондодан әлем чемпионаты өтеді. Өмірәлі ел намысы мен чемпиондық атақты Самсун қаласында K42 +75 келі дәрежесінде қорғайтын болады. Назарларыңызға ҚР таеквондо федерациясының спортшымен өткізген арнайы сұхбатын ұсынамыз.

- Таеквондо спорты 2020 жылы өтетін Паралимпиада ойындарына қосылады дегенді естіген кезде қандай сезімде болдыңыз?

- Паратаеквондо спорты Паралимпиада ойындарына қосылады дегенді естіп төбем көкке жетті. Шыны керек мұндай хабар барлығымыз үшін үлкен қуаныш. Мен бұл туралы көптен бері армандап келгенмін. Ең жоғарғы деңгейде өзімді көрсетуге керемет мүмкіндік туды.

- Сіз қазіргі әлем чемпионысыз, биылғы әлем біріншілігіне қалай дайындалдыңыз?

- Әрине менің мойнымда үлкен жауапкершілік тұр. Чемпиондық атақты қорғау кез-келген адамға қиынға соғатыны түсінікті. Сол себепті де мен жатпай-тұрмай дайындалдым, "қарсыластарым қол-құсырып отырған жоқ, жаттығып жатыр" деп өз-өзімді қайрап, шеберлігімді шыңдадым. Қазақстан таеквондо (WTF) федерациясы мен Қоғамдық бірлестік Президенті Ким Вячеслав Константинұлының арқасында спортқа көп көңіл бөлуге, емін-еркін әрі ұзағынан дайындалуға мүмкіндігім бар. Сол себепті де бұл кісіге алғысым шексіз!

- Әлем спортына рейтинг жүйесін енгізу қаншалықты маңызды? Пікіріңізді білсек деп едік...

- Бұл спорттың айырылмас бір бөлшегі. Әлем спортына рейтинг жүйесін енгізу әрбір саңылақтың қай сатыда тұрғанын көрсетеді. Спорт - бұл бәсеке. Көз алдында тұрған соң, әрине нәтижені жақсартқың келе береді. Сол себепті де мұның барлығы дұрыс деп есептеймін.



- Сізге спортта не ұнайды?

- Мен үшін спорт - бұл өмір! Спорттың арқасында мен әлемді көріп-танып жатырмын. Үш ұйықтасам түсіме кірмейтін әлемнің түкпір-түкпір жерлеріне барып, неше түрлі адамдармен танысам. Бұл да болса бір бақыт! Дегенмен де, бірінші кезекте спорт бұл мен үшін, біз секілді кемтар жандар үшін өз-өзін көрсетуге, қарапайым адам болып сезінуге керемет мүмкіндік беретін сый деп білемін!

- Спортта сіз өзгерткіңіз келетін заттар бар ма?

- Спорт ағып жатқан өзен секілді, уақыт секілді орнында тұрмайды. Оны дамытып тұру керек деп ойлаймын. Қалай болса да, дәл қазір спортты өзгертудің қажеттілігі жоқ секілді.

- Сіз паратаеквондо спортында өте тәжірибелі саңылақтардың бірісіз, осы спорт түріне назар аударып, аяқ басып келе жатқан бауырларыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

- Паратаеквондо бұл жекпе-жек спорт түрлерінің арасындағы ең қызықтысы, әрі тартыстысы. Бірінші кезекте осыны көкейде ұстаған жөн деп айтар едім. Спорт арқылы кез-келген адам үлкен жетістіктерге жете алады, бірақ ол үшін көп еңбектену керек, еш нәрседен қорықпау керек, жаттыға беру керек, бастағанды жарты жолда қалдырмау керек. Бапкердің айтқанын толық орындау керек, сөзін екі етпеу керек ең бастысы өзіңе және оған сену керек. Алға қойған мақсатыңнан таймау керек деп ойлаймын!

Жолдаған: ҚР таеквондо федерациясы баспасөз қызметі 

Ө. Сансызбай