«Астана» УЕФА клубтар рейтингінде 11 саты жоғарылады

«Астана» УЕФА клубтар рейтингінде 11 саты жоғарылады
Фото: vk.com, vesti.kz

Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Финляндияның «ХИК» клубын жеңген елордалық «Астана» УЕФА клубтар рейтингінде 11 саты жоғарылады. Қазақстандық клубтың еншісінде 6,025 ұпай бар.

«Астана-Аренадағы» тартысты ойында фин клубын ұтқан «Астана» 222-ші орынға көтерілді. Алдағы уақытта Станимир Стойлов шәкірттері жеңісті жолын жалғап жатса, әлі де жоғарылауына зор мүмкіндіктері бар.

Қазақстандық клубтар УЕФА рейтингінде

Қазіргі таңда Еуропаның клубтар рейтингіне 454 клуб бар. Бұл санаттағы тізімге соңғы 5 жылда еурододаға қатысқан футбол ұжымдары ғана енеді. Қазақстандық клубтар арасында «Ақтөбе» алда тұр. Бұл маусымдағы Еуропа лигасын ерте аяқтаған батысқазақстандық клуб 7,525 ұпаймен 189-шы орында. Қарағандылық «Шахтер» 6,775 ұпаймен 207-ші орында тұр. Отандық клубтардың үштігін «Астана» қорытындылауда. Ал алматылық «Қайрат» 3,775 ұпаймен 302-ші орында болса, «Ертіс» пен «Тобыл» 3,275 ұпаймен 326-шы орынға қатар жайғасқан. Шымкенттік «Ордабасы» 3,025 ұпаймен 339-шы орында. Ал Талдықорғанның «Жетісу» клубы 359-шы орында (2,525 ұпай) екен.

«Астананың» қарсыласы қай клуб болуы мүмкін?

Қазақ футболының мерейін үстем еткен «Астананың» плей-офф кезеңіндегі қарсыласы 7 тамызда анықталады. Швейцарияның Ньон қаласында өтетін жеребе топтық кезең жолдамасына таласатын ұжымдарды анықтайтын болады. «Базель» (Швейцария), «Селтик» (Шотландия), «АПОЭЛ» (Кипр), «БАТЭ» (Беларусь) және «Динамо Загреб» (Хорватия) клубтарының бірі «Астанаға» қарсылас атанады. Осыған дейін «Селтик» пен «БАТЭ»-нің Қазақстанға жолы түскен болатын.

 «ХИК» шағым түсірмек

«Астанадан» жеңілген фин клубы УЕФА-ға наразылық та білдірмек. Клуб басшылығының мәліметінше, «Астана-Аренада» өткен ойын барысында команда қақпашысы Даниэль Эрлунн допты көрмеу үшін лазер таяқша қолданылған. Бұл туралы фин ақпарат құралдары хабарлап отыр. Алайда жанкүйерлердің бұл қылығы үшін «Астананы» жарыстан шығарады деп тон пішуге болмайды. Себебі, мұндай оқиғалар әлем футболында жиі кездеседі.

«Астана» келесі ойынын Алматыда өткізуі мүмкін

Елордалық клуб келесі ойынын Алматының орталық стадионында өткізуі мүмкін. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлады. Себебі, «Астана-Арена» стадионында 11 қыркүйек күні Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мемлекеттік іс-шара ұйымдастырылады екен. Ал оған дайындық алдын-ала басталуы тиіс екен. Әзірге бұл жағдайға байланысты нақты шешім қабылданбапты. 

«Астана» ойыншылары финляндиялық клубты жеңіп, жанкүйерлерді ғана қуантқан жоқ. Өздері де ірі жеңісті киім ауыстыру бөлмесінде тойлауды бастап кетті. 

Ө. Сансызбай