- Негізгі бет
- Маккала
- Головкиннің құрметі шенеуніктерден...
Головкиннің құрметі шенеуніктерден кем бе?
Бокстан WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин елге оралды. Астанаға отбасымен келіп қонған боксшыны әуежай қызметкерлері құрметті қонақтар жүретін VIP-зал жолына өткізбей қойған. Бұл туралы боксшының «вконтакте» желісіндегі парақшасы хабарлап отыр.
Боксшының ресми парақшасының мәліметінше, «Астана» халықаралық әуежайының қызметкері боксшыға VIP-зал арқылы жүруге рұқсат бермей қойған. Өткізбеуінің себебін, «Головкин ақысын төлемей тұрып, зал арқылы өте алмайды, себебі ол - шенеунік немесе оның отбасының мүшесі емес» деп түсіндірген. Ал жиналған жұрт әуежай қызметкерінің шешіміне қарсы болып, наразылықтарын білдірген. Олар мұхиттың ар жағында қазақ елінің абыройын асқақтатып жүрген боксшыны осылай күтіп алғанына қарсы болған.
Кейіннен боксшы VIP-залға өтіп, жанкүйерлерімен бірге суретке түскен. Ал әуежай қызметкерлері болса, VIP-залға өту үшін төленетін ақшаны касса арқылы төлеуге тыйым салған. «Сондықтан төлемді қолма-қол жасауға, яғни қызметкерге төлеуге тура келді, ол талабын орындатып, чекті әкеп берді», - делінген ақпаратта.
Астана әуежайындағы оқиғаға қатысты, Геннадий Головкинмен бірге ұшақта келген «ҚазАГРО Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Айдарбек Ходжаназаров «facebook» желісіндегі парақшасында төмендегідей жазба қалдырыпты.
«Астана. Әуежай. Мені достарым күтіп алды. VIP-зал арқылы ақшасын төлеп өттім. Кенет «ей, тоқтаңдар, Головкин үшін кім төлейді?» деген дауысты құлағым шалды.
- Ол да төлеуі керек пе? - деді күтіп алушылардың бірі.
- Әрине, төлеуі тиіс. Әйтпесе өте алмайды, себебі ол - шенеунік немесе оның отбасының мүшесі емес,- деді әуежай қызметкері.
- Төлей сал, - деді Головкин салмақпен күтіп алушыға. - Мен шу көтеруге келген жоқпын, Отаныма келдім. Ереже солай болса, төлеуге тиіспіз.
Боксшы айтқаннан кейін күтіп алушы әуежай қызметкеріне өту құнын төледі. Десе де оның жүзінен келіспеушілік сыңайы байқалды.
Иә, Геннадий төлеуі тиіс. Ол оған қарсы болған жоқ. Дегенмен ел абыройын асқақтатып жүрген боксшыны тегін өткізуге де жеңілдік қарастыруға болар еді ғой. Кішкентай дүние болса да, көңілге тиеді емес пе?» - деген ой айтылған жазбада.
Расында да, кәсіпқой бокс аренасында қазақ елінің атын шығарып, туын желбіретіп, әнұранын биікте шарықтатып жүрген GGG үлкен құрметке лайықты. Шенеуніктерге қарастырылған бұл жеңілдік Головкин үшін қарастырылмағаны өкінішті болғанмен, туған елі батыр ұлын мақтан тұтады. Бұл оқиға боксшының Қазақстанға келгендегі көңіл-күйіне әсер етеді деп ойламаймыз. Гена – халық құрметіне бөленген боксшы.
О. Сансызбай