Балаңыздың денсаулығына қарай спорт түрін таңдаңыз

Балаңыздың денсаулығына қарай спорт түрін таңдаңыз
Фото: sport.gov.kz

2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың бір жолы - халықтың бос уақытына бағдарланған спортты жандандыру, балалармен және жастармен жұмыс істеу әдістерін жетілдіру. Саламатты ұрпақ – ұлт болашағының нағыз іргетасы іспетті. Сондықтан да балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен және спортпен барынша қамтуды қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасауды жандандыру қажет. Ал спортқа деген бейімділік бала кезден, отбасынан басталады.   

Кез келген ата-ана өзінің баласы туралы оның болашағы жайлы ойлайды, армандайды. Қазір ғана бесігінде алаңсыз ұйықтап жатқан сәбидің алдағы уақытта кім болары, отбасындағы жандарды толғандырмай қоймас. Ғалым, саясаткер, қолөнер шебері, спортшы әлде әкім бе?

Сәби әлі өзінің өмір жолының бастау шағында тұр, сондықтан оған барлық мүмкіндіктердің жолы ашық. Ал ата-ананың мақсаты - баланың жетілуі керек алғашқы кезеңдерін құр жіберіп алмау. Дұрыс тәрбие беру қадамдары баланың көптеген мүмкіндіктеріне жол бермек, әр қырынан дамуына басты құрал болады.

Сіздің сәбиіңіз тынымсыз, әрі оның қандай да бір ғажайып физикалық қырлары пайда болып жатса, демек, міндетті түрде белгілі бір спорт түріне беріңіз. Мұндай балалар ара-арасында қуатты энергиясын сыртқа шығарып отыруы тиіс. Сонымен қатар, өзі барған спорт түріне бейімі болса, тез-ақ жаттығуларға үйреніп кетеді.

Ал сіздің балаңыз әлсіз бе? Тез ауырып қалады ма? Сезімі, көңіл-күйі тұрақсыз ба? Бұл балаға да спорт пен дене шынықтырудың пайдасы мол. Жүйелі түрде жасаған жаттығулар - дене мен рухының жетілуіне, қалыптасуына, өзінің күшіне сенуіне, сонымен қатар, өзінің қатарластары арасында артық көрінуге көмектеседі.

Сонымен, сіз балаңызды спортқа бергіңіз келсе, ендігі кезекте қандай спорт түрін таңдау қалады. Осы тұста ата-анаға ескерте кетер жайттар да бар. Біріншіден, өзіңіз кезінде жасай алмаған, армандаған спорт түріне беруден аулақ болыңыз. Себебі, балаңыз ол спорт түрін ұнатпауы немесе бейімі болмауы мүмкін. Баламен спорт туралы сөйлесіп қандай спорт түрлері ұнайтынын біліп алғаныңыз дұрыс. Екіншіден, спорт түрін таңдағанда баланың басқа да шұғылданатын хоббиларын ескеру (музыка, сурет салу, шет тілдері) керек. Үшіншіден, балаңызды жаттықтыратын бапкерге де көңіл бөліңіз. Алғашқы жаттығуларын тамашалап қайтыңыз. Сонымен қатар, жаттықтырушылары қажетті дәрумендер ішуді нұсқап жатса, оны да дәрігер көмегі арқылы пайдасы мен зияны туралы біле жүріңіз. Себебі, кәсіби спортта дәрумендер, басқа да күш беретін дәрілер құптарлық тағамдар емес! Төртіншіден, таңдаған спорт түріне тоқтала отырып ақпарат жинастырыңыз (тарихы, танымдалдылығы, жарақат алу мүмкіндігі). Статистика бойынша, жарақат алу мүмкіндігі бойынша жоғарғы тұрған альпинизм мен тауға өрмелеу спорт түрлері. Бұл спорт түрлерінде жарақат алу - өте ауыр жағдайларға соқтыруы мүмкін, тіпті, өлімге де. Одан кейін - автомобиль жарыстары, парашют, ат спорты. Одан кейінгі орындарда тау шаңғысының кейбір түрлері, одан кейін - хоккей, америкалық және еуропалық футбол.

Осыған дейін баланы неше жасынан бастап спорт үйірмелеріне беру керек екені туралы айтқанбыз. Иә, ата-аналар үшін баланы неше жасынан бастап спорт үйірмелеріне апаруы керек екенін біле жүрген дұрыс. Бірақ, одан бұрын да ескере кететін ең басты жайт бар. Яғни, балаңыздың денсаулығын тексеруден өткізіп алыңыз. Соған қарай балаңызды спорт түріне бейімдеңіз. Сонымен баланың денсаулығына байланысты спорт түрлерін таңдауға тоқтала отырайық.

Балаңыздың омыртқа, мойын бөлігі ауыратын болса – жүзу, крикет, семсерлесу секілді спорт түріне бергеніңіз дұрыс. Ал тау шаңғысы, жеңіл атлетика және теннис сынды спорт түрлері денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі, омыртқаның зақымдану жағдайында кез келген адамға жылдам қимылдауға, жүгіруге болмайды.

Егер балаңыз жалпақ табан (май табан) болса, жүзу, спорттық гимнастика, шаңғы және ушу секілді спорт түрлеріне қатыстырыңыз. Керісінше, үстел теннисі, ат спорты, футбол, волейбол, жеңіл атлектика және мәнерлеп сырғанауға қатыстырмағаныңыз абзалырақ. Себебі, табанның иілуі әлсіз болғандықтан қатты зақым келтіретін жүгіру мен секіруден аулақ болу керек, бұл омыртқаға зиянын келтіреді. Өз кезегінде үлкен жарақатқа айналуы мүмкін.

Өкпе қабынуы мен тыныс жолдарынан туатын аурулармен сырқаттанатын жас жеткіншектер қысқы спорт түрлеріне қатысқаны дұрыс. Ал керісінше, гимнастика, жеңіл және ауыр атлектика, теннис, футбол, жүзу, волейбол, баскетбол және ескек есу секілді спорт түрлеріне қатыстырмағаныңыз дұрысырақ. Себебі, төс қуысы бұлшықеттеріне күш түсіретін қимылдардан аулақ болу керек. Таза ауада жаттығуға кеңес беріледі: бұл тыныс алу жолдарын жетілдіреді.

Көз жанары нашар балалар үшін би мен үстел теннисі секілді спорт түрлері пайдалы. Ал ауыр күш түсіретін спорт түрлері (ауыр атлетика, спорттық гимнастика, бокс, күрес) көзге кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, семсерлесу, шаңғы, футбол және волейболмен кәсіби түрде шұғылданбағаны жөн. Көбіне жаттығу залдарында бұлшықетке пайдалы жаттығулар жасағаны дұрыс. Бұлшық еттер көзге күш келуден сақтайды. Бір қызығы, егер бала өзі қаламайтын спорт түрлерімен айналысса, артериалды қан қысымы мен көздің бұлшық ет тонусы көтеріліп кетеді, бұл ауыруды ушықтыра түседі екен.

Балаңыздың асқазаны жиі сыр беретін болса, футбол, волейбол, үлкен теннис және хоккей сынды спорт түрлерінің секцияларына апармағаныңыз жөн. Кез келген асқазан ауруларының барлығына иіліп қимыл жасауға болмайды. Тым белсенді спорт түрлері пайдалы емес: асқазан сөлі секрециясының бұзылуына әсер етеді.

Алайда, бәрібір де балаңыздың қай спорт түріне баратынын шеше алмасаңыз, мүмкін басқа ымыралы шешімге келерсіз. Би - ешқандай да кері көрсеткіштері жоқ бірден-бір шұғылдануға тиісті іс. Балаңыз әлі кішкетай болса, би үйірмесіне жазыңыз. Балаңыз тамаша жалпы физикалық дайындықтан өтеді, сонымен қатар, жақсы музыкалық тәрбие де алады. Ал кейін келе, дәрігермен ақылдаса отырып, спорт саласын таңдау жайында байыпты шешім қабылдауға болады. 

О. Сансызбай