- Негізгі бет
- Маккала
- Конькимен жүгіруден Астанада...
Конькимен жүгіруден Астанада өткен әлем чемпионатында кімдер топ жарды?
28 ақпан мен 1 наурызда Астана қаласында тұңғыш рет конькимен жүгіру спортының спринтерлік көпсайысынан әлем чемпионаты өтті. Бұл жарысқа еліміздің атынан 4 спортшы қатысып, жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.
Екі күн қорытындысы бойынша ерлер арасында ресейлік Павел Кулижников жеңімпаз болып танылды. Күміс нидерландылық Хэи Отерспирге бұйырса, қоланы тағы бір ресейлік конькиші Алексей Есин жеңіп алды.
Ерлер арасында Қазақстан атынан 3 спортшы қатысқан болатын. Қосымша жолдама арқылы қатысқан Александр Жигин жарысты толықтай аяқтай алмады. Жарыс кезінде отандасымызды қытайлық спортшы тоқтатуға тырысып, құлатты. Нәтижесінде «аспан асты елінен» келген спортшы жарыстан шеттетілсе, қазақстандық конькиші жарақат алып, әлем чемпионатын жалғастыра алмады.
Денис Кузин 1000 метр қашықтыққа конькимен жүгіруде 6-шы орынды иеленді. Ал төрт кезең қорытындысында 11-ші орынға тұрақтады. Бастапқыда Роман Креч 500 метрге жүгіруден кейін төртінші орында болғанмен, көпсайыс қорытындысында 14-ші орынды қанағат тұтты.
Әйелдер арасында ел намысын қорғаған Екатерина Айдова жоғары көрсеткіш көрсетті. Ол көпсайыс қорытындысында 4-ші орынға тұрақтады. Нәтижесінде конькимен жүгіру спортының спринтерлік көпсайысынан әлем чемпионатында ең үздік нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшы атанды. Отандасымыз бірінші күні 500 метр қашықтықта 13-ші орыннан көрінсе, кейінгі үш сайыста төртінші нәтиже көрсетті.
Әйелдер арасында спринтерлік көпсайыс қорытындысында америкалық спортшылардың бағы жанды. Британ Боу алтын медальды жеңіп алса, күмісті Хизер Ричардсон иеленді. Ал қола жүлде чех спортшысы Каролина Эрбановаға бұйырды.
Қазақстан спортшыларының көрсеткіштері (толығырақ):
Екатерина Айдова – (500 м – 13-орын, 1000 м – 4-ор.; 500 м – 4-ор., 1000 м – 4-ор.)
Денис Кузин – (500 м – 27-ор., 1000 м – 8-ор.; 500 м – 19-ор., 1000 м – 6-ор.)
Роман Креч – (500 м – 4-ор., 1000 м – 21-ор.; 500 м – 6-ор., 1000 м – 19-ор.)
Александр Жигин – (500 м – 31-ор., 1000 м – 27-ор.; 500 м – DNF /29-ор./)
Сурет: sports.kz
Оқи отырыңыз
Қысқы спорт түрлері арықтауға көмектеседі
2015 жылы қысқы спорт түрлерінен өтетін ірі додалар
ХОК бағалау комиссиясы Алматыға ақпан айында келеді
О. Сансызбай