- Негізгі бет
- Маккала
- Қысқы Универсиадада топ...
Қысқы Универсиадада топ жарған қазақстандық спортшылар қанша сыйақы алады?
Бірнеше күн бұрын Испанияның Гранада қаласында ХХVII қысқы Универсиада ойындары мәресіне жетті. Қазақстандық спортшылар 5 алтын, 6 күміс жүлдемен жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасының қоржынына соңғы жүлдені хоккейшілеріміз салды. Финалда Ресей құрамасымен кездескен отандастарымыз 1:3 есебімен есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Егер жерлестеріміз жеңіске жетсе, Қазақстан спортшылары жалпы командалық есепте екінші орынға ие болар еді. Өкінішке қарай, екінші орынды алтындарының саны бізбен бірдей, бірақ күмісі көбірек Оңтүстік Кореяның судент-спортшылары иеленді.
Естеріңізде болса, Қазақстан құрамасы 2013 жылы Италияның Трентино қаласында өткен ХХVІ қысқы Универсиадада 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 15-ші орынға тұрақтаған-ды. 2015 жылғы Қазақстан құрамасының көрсеткіші өз тарихындағы ең ірі жетістігі. Осыған дейінгі отандастарымыздың ең жоғарғы көрсеткіші - 7-ші орын болатын. 2005 жылы Австрияның Инбрук қаласында өткен додада қазақстандық студент-спортшылар 4 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алған еді.
Қысқы Универсиада ойындары алдында ҚР студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Закирьянов алтын медаль жеңіп алған спортшы 15 000 АҚШ доллары, күміс жүлдегер – 10 000 АҚШ доллары, қола жүлдегер 5 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алатынын айтқан еді. Мұны ҚР Спорт және дене тәрбиесі агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов та жарыстан кейінгі қорытынды есеп беру кешінде растады.
Сонымен ең көп сыйақыны шаңғышы Анастасия Слонова иеленгелі отыр. Ол қысқы Универсиадада 2 алтын, 2 күміс жүлде жеңіп алды. Яғни, 50 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алатын болады. Сонымен қатар, биатлоншы Алина Райкова, фристайлдан Юлия Галышева мен Павел Колмаков 15 мың АҚШ долларын иеленеді. Өзге де ойыншылардың жетістігі төмендегідей:
Күміс жүлдегерлер:
1. Қазақстан (Виктория Ланчакова, Анастасия Слонова, Анна Стоян) – шаңғы жарысы, әйелдер арасындағы эстафета, 3х5 шақырым
2. Қазақстан (Максим Браун, Анна Кистанова, Василий Подкорытов, Галина Вишневская) – биатлон, аралас эстафета, 2х6+2х7,5 шақырым
3. Қазақстан (Евгений Бондаренко, Александр Малышев, Марк Старостин, Евгений Величко) – шаңғы жарысы, ерлер арасындағы эстафета, 3х7,5 шақырым
4. Дмитрий Рейхерд – фристайл, могул (ерлер)
5. Қазақстан құрамасы – шайбалы хоккей (ерлер)
Бұл көрсетілген спортшылар 10 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Ал барлығын қоса есептегенде (спортшылар мен бапкерлерді) сыйақыға 435 000 АҚШ доллары жұмсалады екен.
Айта кетейік, 2017 жылғы ХХVIIІ қысқы Универсиада ойындары Алматы қаласында өтеді. Универсиаданың жабылу кешінде бүкіләлемдік студенттер спорты федерациясының (FISU) президенті Клод-Луи Галльен Универсиада туын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжоловаға ресми түрде табыстады.
Сурет:granada2015.org, alashainasy.kz
Оқи отырыңыз
Қысқы спорт түрлері арықтауға көмектеседі
2015 жылы қысқы спорт түрлерінен өтетін ірі додалар
ХОК бағалау комиссиясы Алматыға ақпан айында келеді
О. Сансызбай