- Негізгі бет
- Маккала
- Дзюдодан Қазақстан намысын...
Дзюдодан Қазақстан намысын қорғауы мүмкін моңғол қызы кім?
Жақында ғана Қазақстан Республикасының дзюдо федерациясы Моңғолия Республикасының дзюдо федерациясымен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Соңынан белгілі болғандай, 48 келідегі моңғол дзюдошысы Отгонцэцэг Галбадрахтың Қазақстан туы астында өнер көрсетуі мүмкін деген ақпарат тарады.
Қазақстан мен Моңғолия дзюдо федерациялары арасындағы меморандумға сәйкес, тараптар өз мемлекеттерінде өткізілетін спорттық іс-шаралар туралы ақпаратпен, дене шынықтыру және спортты дамыту бағдарламаларымен, ұлттық құрама командаларды дайындау мәселелері жөніндегі ғылыми-әдістемелік құралдарымен бөліседі. Сонымен қатар, спорттық ғимараттар құрылысы, оларды пайдалану және басқару, спорттық маркетингті дамыту тәжірибесі туралы ақпаратпен алмасу көзделген.
Екі ел арасындағы келісім кезінде 48 келіде өнер көрсететін моңғол қызы Отгонцэцэг Галбадрахтың Қазақстан атынан жарыстарға қатысу мүмкіндігі туралы да сөз қозғалған көрінеді. Бірақ, қос тарап ұсынысты қарағанмен, нақты келісімге әлі қол қоймаған көрінеді.
Моңғол қызы Отгонцэцэг Галбадрах 1992 жылы дүниеге келген. Қазіргі таңда әлемдік рейтингте 1258 ұпаймен 9-шы орынға орналасқан. Ал моңғолдардың бұл салмақтағы тағы бір балуаны Уранцэцэг Мунхбат болса, 3180 ұпаймен әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Яғни, Қазақстан атынан шығуы мүмкін дзюдошы қыз - Моңғолия құрамасының екінші нөмірлі балуаны.
Отгонцэцэг Галбадрах соңғы қатысқан халықаралық ірі додаларда жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Өткен жылы Мәскеуде өткен «Үлкен дулыға» додасында күміс медальды жеңіп алса, Астана қаласында өткен Гран-При бәсекесінде алтыннан алқа таққан болатын. Қытайда өткен Гран-При турнирінің кезекті кезеңінде қола медаль еншілеп, 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына берілер жолдаманы жеңіп алған.
Астанадағы Гран-При додасындағы финалдық кездесуі
Моңғол қызы бақ сынайтын 48 келі салмақ дәрежесінде Айгүл Байқұлова, Айғаным Түйтекова, Кәмшат Қарасайқызы, Меруерт Иманғалиева және Александра Подряфдова секілді дзюдошыларымыз ел намысын қорғап жүр. Өкінішке орай, 2014 жылы бұл спортшылар жоғарғы нәтиже көрсете алмады.
Сурет: judoinside.com
О. Сансызбай