- Негізгі бет
- Маккала
- Қазақстанның ФИФА...
Қазақстанның ФИФА рейтингіндегі көрсеткіші қашан түзеледі?
Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) 2014 жылдың қорытынды рейтингін жариялады. Қазақстан құрамасы өткен жылғы нәтижемен салыстырғанда, биыл 11 орынға төмен сырғыған.
2013 жылдың желтоқсан айында жарияланған рейтинг бойынша Қазақстан құрамасы жылды 128-ші орынмен қорытындылаған. Ал биыл бұл көрсеткіш 139-шы орынмен аяқталып отыр. Десе де 2014 жылы Юрий Красножан баптайтын команда соңғы 6 жылдағы үздік нәтижесін көрсетті. Бірақ, қолда ұстап тұра алмады.
Сәуір айында жаңартылған ФИФА рейтингінде Қазақстан құрамасы 118-ші орыннан көрінген. Ал бұл орыннан жоғарғы көрсеткіште, тек 2008 жылдың наурыз айында жарияланған рейтингте ғана орналасқан. Ол кезде Қазақстан құрамасы 317 ұпаймен 105-ші орынды қанағат тұтқан еді. Ал ел футболы тарихындағы ең үздік көрсеткіш 2001 жылы тіркелген. Нәтиже – 98-ші орын. Ол уақытта Қазақстан құрамасы Азия футбол конфедерациясы құрамында болатын. Ал ең төменгі нәтиже 1996 жылғы мамыр айындағы рейтингтен көрініс табады. Ол жолы 166-шы сатыда болған.
ФИФА рейтингі 1993 жылдан бері түзіліп келеді. Сол арқылы ұлттық құрамалардың өсу деңгейін, көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бағамдауға болады. Рейтинг тарихында көш тізгінін 7 ұлттық құрама ғана иеленген. Оның бесеуі Еуропадан болса, екеуі – Оңтүстік Америка құрлығынан. Олар: Германия, Италия, Франция, Испания, Нидерланды, Бразилия және Аргентина. 2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатынан кейін рейтинг ұпайын есептеу жүйесіне арнайы өзгертулер енгізілді. Десе де бұл рейтингте Қазақстан ұлттық құрамасының аса жоғары орындарға шыға алмауының себебі де жоқ емес. Өйткені, географиялық сипаты бойынша алты құрлықтық футбол конфедерацияларының деңгейі тең дәрежеде емес. Мәселен, Қазақстан ұлттық құрамасы Азия футбол конфедерациясында өнер көрсетер болса, алғашқы жүздікке кірері даусыз. Қазіргі таңда ФИФА рейтингінде бұл конфедерация құрамына енетін командалар көшін Иран ұлттық құрамасы бастап тұр. Нәтижесі – 51-ші орын. Тамыз айында ірі есеппен жеңе алмасақ та, тізе бүктірген Тәжікстан құрамасы бізден 4 саты жоғары орналасқан. Өйткені, УЕФА мен АФК дәрежелерін салыстыруға келмейді. О баста-ақ Қазақстан футбол федерациясының басшылығы әлемнің алпауыт елдерінен тәжірбие алу үшін, шеберлікті шыңдау үшін Еуропалық футбол қауымдастықтары одағына (УЕФА) өткені аян. Сондықтан да, әзірге ФИФА рейтингіндегі ұлттық құрама нәтижесін заңдылық деп те қарауға болады.
Осы жылы Қазақстан ұлттық құрамасы 2016 жылы Франция жерінде өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарын бастап та кетті. Әзірге 4 ойыннан 1 ұпай еншілеп, «А» тобының соңғы орнында тұр. 2015 жылы Юрий Красножан шәкірттерін бұл додада 6 ойын күтіп отыр. Одан өзге жолдастық кездесулерді қосқанда Қазақстан құрамасы 10-ға жуық кездесу өткізуі мүмкін. Яғни, ФИФА рейтингіндегі көрсеткішті жақсартуға толықтай мүмкіндік бар. Ендеше, теңбіл допты серік еткен футболшыларымызға алдағы ойындарда тек қана сәттілік тілейміз!
Сурет: өңделген
О. Сансызбай