Кіл мықтыда кім мықты?

Кіл мықтыда кім мықты?

8 қараша күні Алматыда ауыр атлетикадан әлем чемпионаты басталады. Алатау баурайындағы алып шаһарға келе жатқан спортшылар осал емес екені белгілі. Оның тоғызы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында топ жарған.

«Тұманды Альбионда» алтыннан алқа таққан тоғыз спортшының төртеуі отандастарымыз. Олар – Зулфия Чиншанло, Светлана Подобедова, Мая Манеза және Илья Ильин. Жерлестерімізден бөлек, Солтүстік Корея елі Лондонда жеңіс тұғырынан көрінген үш спортшысын алып келмек. 56 келіде Ом Юн Чхоль отандасымыз Арли Чонтейдің басты қарсыластарының бірі болса, 62 келіде Ким Ун Гук шеберлігін танытпақ. Ал 69 келіде Рим Чжон Сим Жазира Жаппарқұлға қарсылас атанады. 105 келіден жоғары салмақта бақ сынайтын спортшыларымыз Ибрагим Берсанов пен Селімхан Әубәкіров қарсыластарының арасында да Олимпиада чемпионы бар. Ол – ирандық Бехдат Салимикордасиаби. Ерлер арасында 85 келіге дейінгі салмақта Лондон Олимпиадасының жеңімпазы поляк Адриан Зелинский қатысады.

Олимпиада чемпиондарынан өзге Алматыға 2013 жылы Польшада өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан 12 спортшы келеді. Олардың қатарында отандастарымыз жоқ екені рас. Өйткені, Лондон додасынан кейін Қазақстан құрамасының негізгі құрамы демалыс алған болатын. Бұл қатардан ресейліктер бес бірдей әлем чемпионын қатыстырғалы отыр. Олар: Тима Туриева (63 келіге дейін), Надежда Евстюхина (75 келіге дейін), Татьяна Каширина (75 келіден жоғары), Апти Аухадов (85 келіге дейін) және Александр Иванов (94 келіге дейін).

Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни екі алтын медаль алу жоспарын Илья Ильин мен Зулфия Чиншанлоға тапсырғалы отыр. Осы екі зілтеміршімізге сенім көп артылуда. Бірақ, Алматыдағы додаға осал қарсылас келмейтіні белгілі. Екеуінің де басты бәсекелестері бар.

53 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Зульфия Чиншанлоның да қарсыластары осал емес. Әсіресе, қытайлық Тайпей елінің спортшысы Сюй Шузцинді ерекше атауға болады. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада қарсылық таныта алмағанмен, соңғы рет Инчхонда өткен Азия ойындарында Зульфиядан мықты шықты. Енді, жерлесімізге Алматыда есе қайтаруға мүмкіндік туып отыр.

Екі рет Олимпиада ойындарында, үш рет әлем чемпионатында топ жарған отандасымыз Ильяның жеңіс тұғырынан көрінетініне шүбә келтірушілер аз. Сыр өңірінің саңлағы бұл жолы 105 келіде бағын сынайтын болады. Бұл салмақта өзбек Руслан Нуридиновты жоғары бағалауға болады. Илья екеуі жарыстарда қарсылас атанғанмен, арақатынасы жақсы екенін білеміз. Естеріңізде болса, 2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында отандасымыз Русланды бәстесуде жеңіп, басынан шерткенін көрген едік. Ал араға бір жыл сала Лондонда өткен Олимпиада ойындарында жерлесіміз 94 келіде қалып чемпион атанса, өзбек спортшысы 105 келі салмаққа ауысып, жалпы есепте төртінші орыннан көрінген-ді. Одан кейін Руслан бірнеше байрақты бәсекелерде топ жарды. 2013 жылы Азия, әлем және Универсиадада алтыннан алқа тақты. Жұлқа мен серпе көтеруде де көрсеткіші жерлесімізден жоғары тұр. Не де болса, Илья Ильин жеңісті қолдан бермейді деген сенімдеміз. Сонымен қатар, бұл салмақта Давид Беджанян (Ресей), Ким Мин Жае (Корея), Бартолемей Бонк (Польша) сынды мықтылар да бар. Егер Илья Ильин Балуан Шолақ спорт кешенінде көк Туымызды биікте қалықтатып, Әнұранымызды шарықтатып жатса, төрт дүркін әлем чемпионы атанатын болады. Бұған дейін ол 85 келіге дейінгі салмақта (2005 жылы) және 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (2006 жыне 2011 жылдары) Әлем чемпионы атанған еді.

Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова да осыған дейін екі рет әлем чемпионы атанған. Егер Алматы өтетін додада үшеуі де алтыннан алқа тағар болса, онда олар әлемнің үш дүркін чемпиондары атанады. Олардан басқа қазақстандық Владимир Седовтың да 2009 жылы 94 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанғандығын айта кеткен жөн. Бұл спортшыдан да бапкерлер үлкен үміт күтуде.

Әлемдік бәсеке елімізде «KazSport» арнасы арқылы тікелей эфирде таратылады. Бразилия, Иран, Қытай, Латвия мен Польша елдері де доданы көгілдір экрандарынан еліне таратқалы отыр. Танымал «Eurosport» арнасы да әлем чемпионатын көрермендеріне ұсынуды жоспарлап отырған көрінеді.

Алматыда өтетін әлем чемпионатының маңызы жоғары. Неге десеңіз, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия беріледі. Яғни, бұл жалғыз қазақстандық спортшылар үшін ғана емес, барша зілтеміршілер үшін шешуші әрі маңызды бәсеке екені анық.

Алдымызда айтып кеткендей, дода Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді. Ал билеттер құны бірінші күндері арзан болса, басты бәсекелер өтетін күндері 15 000 теңгеге дейін көтеріледі. Қазіргі таңда билеттер спорт кешенінің кассасы мен «Меломен» дүкендер желісінде, және «ticketon.kz» сайтында сатылып жатыр.

Сурет: forum-eurasica.ru

О. Сансызбай