- Негізгі бет
- Маккала
- Тоғызқұмалақта жаңалық көп...
Тоғызқұмалақта жаңалық көп
2013 жыл – ұлттық спортымыз үшін де сәтті өтті. Жемісті, жеңісті жылдардың бірі болды. Ұлттық спортымызды ұлықтауда талай игі істер қолға алынып, жүзеге асты.
Бұл жыл сонысымен де есте қалды. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Ендеше ұлттық спортымыздың iшiндегi шоқтығы биiк, қалыптасып орныққан спортымыздың бір түрi, бұл – тоғызқұмалақ. Ертеден келе тоғызқұмалақ – әлемдiк мәдениеттiң озық үлгiлерiмен бой теңестiре алатын, түркiтектес халықтардың рухани, логикалық ойлау өнерi. Ұлттық спортымыздың Жылан жылы жеткізген жетістіктері туралы тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының вице-президенті Мақсат Шотаевтың айтқан жылдық қорытындысын ұсынамыз...
Тоғызқұмалақ ойынының маңызы жасөспірімнің ойлау жүйесін арттырып, есепке бейімділігін қалыптастырады. Адам бойындағы шығармашылық қасиеттердің дамуына септігі тиеді. Осындай маңызды қасиеттері көп болғандықтан бұл ойынды даланың ойшыл ұлдары көп шұғылданған. Қазақ халқының ағартушылары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, тоғызқұмалақ ойынын ерекше мадақтаған. Ал Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов, Қалыбек Қуанышбаев секілді тұлғалар бұл ойынды сүйсініп ойнаған.
2013 жылы тоғызқұмалақ тарихында белесті бәсекелер көп болды. Оның ішінде 6 ресми чемпионат, бірнеше халықаралық жарыстар, Жастар ойындары, Ауыл спортшыларының спартакиадасы және көптеген республикалық турнирлер бар. Олардың ішінде дәстүрлі түрде өткендерімен қатар, тұңғыш рет өткізілгендері де бар.
2013 жылы 17-23 қараша аралығында Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығының қолдауымен Павлодар қаласында ересектер арасында ІІ Азияның ашық чемпионаты, жастар және жасөспірімдер арасында І Азия чемпионаты өтті. Оған 9 елден 100-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 15 алтын, Қырғыз құрамасы – 3 алтын медал иеленді.
2013 жылы Өзбекстан (қаңтар), Франция (ақпан), Қырғыз Республикасы (мамыр, тамыз және желтоқсан), Чехия (шілде, қазан), Германия (тамыз), Англия (тамыз), Антигуа-Барбуда(қараша) және Ресей Федерациясында (Таулы Алтай, желтоқсан) халықаралық жарыстар өткізілді. Республикалық жарыстар Тереңөзек (наурыз), Тараз (маусым), Қостанай (шілде), Ақадыр (тамыз), Ақтөбе (қазан) және Павлодарда (желтоқсан) өтті.
2013 жылы Астана қаласында Тоғызқұмалақ Зияткерлік Қауымдастығы мен Астана қаласының туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұйымдастыруымен жасөспірімдер және жастар арасында 2 тұңғыш республикалық жарыс өткізілді. Оның алғашқысы Астана қаласының кубогіне арналған «Жас үміт» республикалық жасөспірімдер жарысы. Оған еліміздің 15 өңірінен(Алматы облысынан басқасы) 25 команда қатысты. Жарыс жекелей-командалық есепте жүргізіліп, 7 тур швейцар жүйесі бойынша жүргізілді. Бұл жарысты - күрестегі «Қазақстан барысы» сияқты жасөпірімдерге арналған жоба десе де болады. Өйткені тұңғыш рет өткізілген бұл жарыста 9, 11 және 14 жастағы балғындар, өз облыстарында іріктеуден өтіп, республикалық деңгейдегі жарыста сынға түсті. Екінші, жарыс «Жас Қыран» деп аталады. Бұл жарыста 14-17 жастағы республика жастары, жекелей-командалық есепте сынға түсіп, бас жүлде ноутбуктерге ие болды. Бұл жарыстың сыйлықтарын «Жас Қыран» әскери-патриоттық бірлестігі көтерді. Аталмыш 2 жарыстың да кубоктерін Астана қаласының спортшылары иеленді.
2013 жылы тұңғыш рет тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Капаевтың бастамасымен Суперлига жарысы өткізілді. Басында 4 этап деп жоспарланған жарыс, 3 этаппен аяқталды. Жарыстың жеңімпазы – оңтүстік қазақстандық Ғалымжан Темірбаев болды. Қазақстан Республикасының құрама командасы қараша айында алғаш рет Антигуа-Барбудада халықаралық жарысқа қатысып қайтқанымен, ол жарыс туралы мәліметтер еш жерде жоқ.
2013 жылдың қараша айынан бастап «ҚАЗСПОРТ» телеарнасында тоғызқұмалақ сабақтары жүргізілуде. Оның жүргізушісі тоғызқұмалақтан әлем чемпионы – Айдос Сейітжан, ал мәтінін өзім жаздым. Жалпы жобада 30 сабақ қазақ тілінде, 30 сабақ орыс тілінде жүргізу көзделген. Қазіргі кезде «ҚАЗСПОРТ» телеарнасында 20-дан астам сабақ көрсетілді.
Тоғызқұмалақ Зияткерлік Қауымдастығы келесі жылы да ұлттық ойынымыздың қарыштап дамуы үшін барлық қолынан келген жағдайды жасап, насихат шараларын атқара беретіні сөзсіз.
2014 – жылқы жылы барша қазақ еліне тек жақсылықтар әкелсін. Тұлпардай текті халқымыз желдей жүйткіп, әлемді биік болмысымен таң қалдыра берсін!
Тоғызқұмалақ Зияткерлік Қауымдастығының
вице-президенті М.Шотаев
А. Құлтай