"F" тобындағы тартыс: Үздік үш құрама плей-оффқа өтті

"F" тобындағы тартыс: Үздік үш құрама плей-оффқа өтті

Футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. "Өлім тобынан" үш үздік құрама да "тірі" шықты.

Германия – Венгрия 2:2

"F" тобындағы ойындар аса тартысты өтті. Барлық құрама соңына дейін жолдамаға таласып бақты. Әсіресе, Венгрия құрамасының жігерлі ойыны жанкүйерлерді расымен таңдандырды. Олар топта 2 ұпай алмақ түгіл, плей-оффқа шығайын деп те қалды.

Соңғы ойында мадиярлар немістермен тең ойнады. Екі рет есепте алға шығып, жеңісті сақтап қала алмады. Жеңіске жеткенде Йоахим Лев шәкірттері еліне қайтатын еді.

11 минутта Адам Салаи венгрлерді алға шығарды. Осылайша бірінші таймда ұтып шықты. 66 минутта Кай Хаверц есепті теңестірді. Алайда араға бірер минут сала Андрас Шафер Венгрияны қайта алға шығарды.

Германия құрамасын 84 минутта Леон Горетцка соққан гол құтқарды. Осылайша олар 4 ұпаймен топта екінші орын алды.

Португалия – Франция 2:2

Әлем чемпиондары мен Еуропа чемпиондарының ойынына әлем жанкүйерлері көз тіккені анық. Бұл текетірес те тең аяқталды. Тең нәтиже екі құрама үшін де жеткілікті еді.

Португалия мен Франция құрамаларының ойыны Роналду мен Бенземаның бәсекесі болды десек те қателеспейміз. Екеуі екі-екі голдан соғып, дубль авторлары атанды.

Португалдық шабуылшы ұлттық құрама сапындағы 109-шы голын соғып, әйгілі ирандық футболшы Али Даеидің рекордын қайталады. Енді бір гол соқса, ұлттық құрама сапында ең көп гол соққан тарихтағы тұңғыш футболшы атанады.

Кездесуде Карим Бензема үздік футболшы марапатына ие болды.

Португалия 4 ұпаймен үшінші орын алды. Ал үшінші орын алған құрамалар рейтингінде бірінші болды. 2016 жылы да бұл құрама осылай плей-оффқа шыққан еді.