"В" тобындағы ойындар аяқталды: Дания бір жеңіспен 1/8 финалға шықты

"В" тобындағы ойындар аяқталды: Дания бір жеңіспен 1/8 финалға шықты

Футболдан Еуропа чемпионатының "В" тобындағы ойындар аяқталды. Копенгагенде Ресейді ойсырата ұтқан Дания құрамасы плей-оффқа жолдама алды.

Ресей – Дания 1:4

Даттар бір жеңіспен ғана 1/8 финалға жолдама алды. Соңғы ойында жарқын жеңіске жетті. Ресей құрамасын бірінші таймда Миккель Дамсгард соққан тамаша гол нәтижесінде ұтып шықты. Ал екінші таймда тағы үш гол тоғытты. 59 минутта ресейлік ойыншы Роман Зобниннің қателігінен кейін Юссуф Поульсен есепті еселеді.

70 минутта Ресей құрамасы пенальти тебу мүмкіндігіне ие болды. Артем Дзюба 11 метрлік соққыдан қателеспеді. Бірақ Черчесов шәкірттерінің шабуылы ширап салған жоқ. Керісінше қорғанысы сыр беріп, екі бірдей гол соқтырып алды. Андреас Кристиансен (79 минут) мен Йоаким Мехле (82 минут) бір-бір голдан еншілеріне жазды.

Дания, Ресей мен Финляндия құрамалары доп айырмасы бойынша үздікті анықтады. Себебі үш құрама да 3 ұпай жинады.

1/8 финалда Дания құрамасы Уэльспен кездеседі.

Финляндия – Бельгия 0:2

Бельгия құрамасы топтағы үш ойында да жеңіске жетті. Соңғы ойында финдер ұпай алуға барынша тырысқанмен, кіл мықты құрамға қарсы қауқар таныта алмады. Бірінші таймда тең түссе де, екінші таймда екі гол соқтырып алды.

74 минутта Финляндия құрамасының қақпашысы Лукас Градецки автогол соғып алды. Ал оған дейін тамаша сейвтерімен көзге түсіп келген еді. 81 минутта Ромелу Лукаку ойындағы екінші голды соқты. Осы есеп айырмасы сақталып, финдер қосымша жолдамадан үміт күтеді.

Н. Үсенова