Еуропа чемпионаты Италияның жарқын жеңісімен басталды

Еуропа чемпионаты Италияның жарқын жеңісімен басталды

Футболдан Еуропа чемпионатындағы бірінші ойында Италия құрамасы Түркияны ұтты. Римде өткен кездесуде "скуадра адзурра" 0:3 есебімен жеңіске жетті. Ал ойындағы бірінші гол – автогол.

Екі команда арасындағы бірінші таймда гол соғылмады. Италия құрамасы бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанмен, гол соғудың сәті түспеді. Есесіне екінші таймда белсенді.

Еуропа чемпионаты тарихында алғаш рет бірінші гол автогол болды. Оның авторы – түрік қорғаушысы Мерих Демираль. Ол 53 минутта допты кеудесімен сәтсіз қайтарып, өз қақпасына гол соғып алды. Одан кейін Роберто Манчини шәкірттерінің шабуылы үдей түсті.

66 минутта Чиро Иммобиле есепте италиялықтарды екі доп басымдығымен алға шығарды. Ал 79 минутта Түркия құрамасының қақпашысы Чакырдың қателігінен кейін команда қақпасының торында үшінші рет доп тулады. Инсиньенің шиіре тепкен добын қақпашы қайтара алған жоқ.

Жарқын жеңіске жеткен Италия құрамасы "А" тобында көш басына шықты.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай "Массагет" порталы Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен "болжамдар бәйгесін" бастаған болатын. Қатысып бағалы сыйлыққа ие болыңыздар.

Қатысушылар арасында Түркия – Италия ойынындағы дәл есепті дөп тапқан үміткер болмады. Алдағы тур ойындарында сәттілік тілейміз!