Ирландия мен Швеция тең тарқасты (видео)

Ирландия мен Швеция тең тарқасты (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Еуропа чемпионатының «Е» тобындағы алғашқы ойында Ирландия мен Швеция құрамалары тең тарқасты. Тартысты өткен ойында 1:1 есебі тіркелді.

Париждегі «Стад де Франс» стадионында өткен ойындағы есеп екінші тайм басында ашылды. Қорғаушы Уэс Хулаханның жойқын соққысынан кейін доп шведтердің қақпасында тулады. Ал таразы басын теңестірген голды 74 минутта Златан Ибрагимовичтің командаластарына асырған добын ирландиялық қорғаушы Киран Кларк өз қақпасына баспен енгізіп алды.

Негізінен ойын басында Швеция құрамасы аз да болса фаворит саналған. Дегенмен Ирландия құрамасы қарсыластарынан әлсіз көрінген жоқ. Керісінше нағыз мінез танытты. Нәтижесінде топтан шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Қос құрама келесі ойындарын Италия мен Бельгия құрамаларына қарсы өткізеді.

Кездесудің үздік ойыншысы болып ирландиялық Уэс Хулахан танылды.

Айта кетейік, бұл топтағы екінші ойын Италия мен Бельгия арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 01:00-де басталады.

Осыған дейін жарияланған massaget.kz сайтының болжамдар бәйгесінде Ирландия мен Швецция арасындағы ойынның дәл нәтижесін 14 қатысушы дәл тапқан.

О. Сансызбай