2016 жылғы Еуропа чемпионатының ресми добы таныстырылды

2016 жылғы Еуропа чемпионатының ресми добы таныстырылды
Фото: vk.com

Футболдан 2016 жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатының ресми добы таныстырылды. Спорттық тауар өндіретін «Adidas» компаниясы жасап шыққан допқа «Beau Jeu» («қызықты ойын) деген атау берілген.

«Adidas» компаниясы кәрі құрлықтың додасының ресми добын 18 айда жасап шыққан. Доп Еуропа чемпионатына қатысатын құрамаларға қараша айының соңына дейін таратылып бітетін болады. Себебі, футболшылар ресми доппен жарысқа 6 ай алдын дайындығын бастаулары тиіс.

«Beau Jeu» добында көк, ақ және қызыл түстер үйлесім тапқан. Бұл түстер Франция елінде өтетінінен хабар береді. Ал сары түсті жолақ Еуропа чемпионатының белгісі. Сондай-ақ допқа «EURO-2016» сөзі жазылған.

Айта кетейік, 2016 жылғы Еуропа чемпионаты 10 маусым мен 10 шілде аралығында өтеді. Француздардың 10 қаласында өтетін додаға алғаш рет 24 құрама қатысатын болады.

Н. Үсенова