Ғалымдар мамонттарды 6 жылдан кейін қайта тірілтуді жоспарлап отыр

Ғалымдар мамонттарды 6 жылдан кейін қайта тірілтуді жоспарлап отыр
Фото: dallasnews

Биология мен генетика саласында құрылған жаңа компания Colossal жойылып кеткен кейбір тіршілік иелерін тірілту бастамасын көтерді. Олар жобасын мамонттарды тірілту арқылы іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы CNBC хабарлады.

Мамонттарды қалпына келтіру идеясы 10 жылдан астам уақыт талқыланып келеді. 13 қыркүйекте компания басты мақсатын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қосымша қаржылық қолдау алғанын хабарлады. Компания бұл жобасына 15 миллион доллар жинаған.

Компания ғалымдары мамонттарды қалпына келтіру Арктиканы құтқаруға, деградацияланған экожүйені қалпына келтіруге және климаттың өзгеруін баяулатуға көмектеседі дейді.

Мамандар 6 жылдан кейін табиғатта алғашқы мамонт пайда болады деп сендірді.

Бұл жобаға ірі кәсіпкер Бен Лемм және атақты генетик -молекулярлық инженер, Гарвард медициналық мектебінің профессоры Джордж Черч жетекшілік етеді. Бұған дейін Черч тобы мамонт гендерін азиялық пілдің тері жасушаларының ДНҚ-мен біріктіруді тәжірибеден өткізген болатын.

Ал азиялық піл мамонтқа ұқсастығының арқасында осында біраз жетістікке жеткен. Компания бұл зерттеулерді жалғастырып, зертханалық жағдайда піл мен мамонт гибридін алуды жоспарлап отыр.

Жоба Азия пілдерін Арктиканың үлкен аумақтарында өмір сүруге мүмкіндік беру арқылы сақтап қалуға бағытталған.

Черч Азия пілінің жойылу алдында тұрғанын айтады.

"Оның екі түрлі қаупі бар. Біріншісі – герпес вирусы, екіншісі – оның адамдарға жақындығы. Сондықтан біз осы екі жағдайды түзетіп, бұл түрге жаңа тіршілік ортасын беруді шештік. Үлкен жерлер бар. Мысалы, Канада, Аляска мен Сібірдің солтүстік аймақтарында мамонттар өмір сүре алады", - деді профессор.

Генетикалық түрлендірілген азиялық пілге герпес вирусымен күресу және төмен температураға төтеп беру қабілеті берілген.

Т. Раушанұлы