"Шымбұлақта" шаңғы тебу қанша тұрады?

"Шымбұлақта" шаңғы тебу қанша тұрады?
Фото: telegraph.co.uk

Биылғы коронавирус ахуалына қарамастан шаңғы және сноубордпен сырғанауды ұнататындар үшін "Шымбұлақ" есігін ашты. Қазірдің өзінде тау баурайында шаңғы тебушілердің қарасы аз емес. Биыл шаңғы теуіп, сноубордпен сырғанау үшін қалтаңызға қанша ақша салып шығатыңызды есептеп көрейік. 

Қазір "Шымбұлақта" "Комби-1" және "Комби-2" трассалары ашық. Сондай-ақ, кешкісін сырғанауды ұнататындар үшін күнтізбе бұрынғыша қалды. Аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері "Шымбұлақ" кешкісін жұмыс істейді. 

Бағасы

Былтырға қарағанда билет бағасы өскен. Алайда билетті онлайн сатып алсаңыз, арзанырақ түседі. Кассадан жұмыс күндері ересектерге арналған күндізгі сеанстың билетін 7600 теңгеге, демалыс күндері 11 400 теңгеге сатып алуға болады. Ал онлайн билеттер 15% арзан. 

"Билет бағасы келетін қонақтардың санына шектеу қойылғандықтан өзгерді. Дегенмен кассада билет бағасы өскенімен, онлайн билеттің бағасы бұрынғыша қалды", – дейді "Шымбұлақтың" бас директоры Ринат Абдрахманов.

Бұған қоса курорт республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа келген әрбір қонақ үшін 0,1 АЕК көлемінде баж салығын төлейді.

Маусымның басты жаңалығы – Gorilla Zipline Medeu аттракционы. 1740 метр биіктен сағатына 80 шақырым жылдамқпен Медеуге дейін аттракционмен түсуге болады. Бағасы – жұмыс күндері 4500 теңге, ал демалыс күндері 6500 теңге.

Коронавирусқа байланысты курортқа келушілердің санына шектеу қойылды. "Шымбұлақ" жоспарланған келушілер санының 3/1 бөлігін ғана қабылдай алады. Ал кассаларда ұзын сонар кезек болмауы үшін билеттерді онлайн сатып жатыр. 

Ринат Абдрахмановтың айтуынша, курорт аймағында келушілер сақтық шараларын жасауға міндетті: 

- адам көп жиналатын орындар мен ғимараттардың ішінде маска кию мен арақашықтықты сақтау міндетті;

- жоғарыға апаратын кабинаға төрт адамнан артық отырмайды;

- мейрамхана, бар және кафеге 50 адамнан артық кірмейді. Ұжымдық іс-шаралардың өтуіне тыйым салынаған;

- мектеп, жалға беру орындары мен балалар бөлмесі санитарлық норманы сақтай отырып жұмыс істейді.

"Шымбұлақ" биылғы маусымға арнайы тосынсый дайындап қойды. Жақында курорттың ең жоғарғы нүктесінде (3200 метр) визит-орталығы ашылады. Ол жерде курортта бар қызмет түрлерімен танысып, "Шымбұлақ" жайлы ақпарат алып, арнайы киім мен кәдесыйды да сатып алуға болады. Сондай-ақ, келушілерді Талғар асуында жаңалықтар күтіп тұр.  

Шаңғыда тұруды не сноубордпен сырғанауды үйренемін деушілерге Shymbulak нұсқаушылары көмектеседі. Ал балаларға Kids Lab Shymbulak арнайы зонасы ашылған. Мұнда нұсқаушылар балаларды шаңғымен сырғанауды үйретіп, атқа мінгізіп, арқанды паркте ойнатады. Қала әкімдігінің қолдауымен "Шымбұлақ" 10-12 жас аралығындағы оқушыларды шаңғымен сырғанауды тегін үйретеді. Өткен маусымда 1200 бала шаңғыда тұруды үйренген. 

Биыл "Шымбұлақта" байрақты бәсеке де жоспарланған. 13-14 наурыз күндері курортта фристайлдан Әлем кубогының кезеңі өтеді деп күтілуде. 

Дереккөз: tengrinews.kz

А. Рысдәулет