Спорттағы коронавирус салқыны

Спорттағы коронавирус салқыны
Фото: The Guardian

Әлемде коронавирустың белең алуына байланысты көптеген мемлекет спорттық іс-шаралар өткізуден бас тартып жатыр. 

Елімізде халықаралық жарыстарды өткізуді кейінге қалдырған. Оған қоса Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев коронавирус көп тіркелген елдерге 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командасының мүшелерін іс-сапарға жіберуге тыйым салды.

Әлем елдерінде коронавирусқа байланысты өтпей қалған не кейінге шегерілген спорттық іс-шаралар картасы

Ескерту:

• Картада маңызды жарыстар мен іс-шаралар ғана көрсетілген. Азия құрлығында үлкенді-кішілі барлық жарысты өткізуден бас тартып жатыр.

• Көп лига мен федерациялар жарысты өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтуде. Мысалы, "Ньюкасл" футбол клубында қол алысуға, "Баварияда" жанкүйерлермен суретке түсіп, сөйлесуге тыйым салынған.

• Италияның солтүстігінде А Сериясының матчтарын кейінге шегергеніне қарамастан, "Ювентус" пен "Милан" арасындағы Кубок кездесуі өтеді. Матчқа қонақ команданың жанкүйерлері мен солтүстік аймақтан келген көрерменді кіргізбейді.

• УЕФА әзірге қандай да бір шара жасауға асығыс емес. Дегенмен Еуропаның бас футбол органы Амстердамда өткен жиналыста алдағы уақытқа жоспарды әзірледі. 

• Халықаралық Олимпиада комитеті 2020 жылғы Токио Олимпиадасы өтпейтіні туралы ақпарат берген жоқ. Дегенмен батыс басылымдарының мәліметінше, коронавирус белең алса төртжылдықтың басты додасы көрерменсіз өтуі мүмкін.

• The Telegraph мәліметінше, Британияда Ағылшын Премьер-лигасы тоқтатуға әзір. 

• Коронавирус экономикаға кері әсерін тигізіп жатыр. Forbes мәліметінше, промоутерлер Қытай мен Вьетнамдағы "Формула 1" кезеңін өткізуден бас тарту арқылы 85 миллион доллар табыстан қағылған. 

А. Рысдәулет