Футбол тарихындағы ең қызықты оқиғалар

Футбол тарихындағы ең қызықты оқиғалар

Қазақта “асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар” деген мақал бар. Бұл күнде доп ойнаған тозбай, керісінше, озатынына куә болып жүрміз. Себебі футбол әлемдегі ең танымал спорт түріне айналғалы да І ғасырға жуық уақыт өтті. Бүгін Еуропа Чемпионатына іріктеу туры өтті. Соған орай футболға қатысты бірнеше қызықты деректерді ұсынамыз.

►  Швеция чемпионаты кезінде футболшы Юханссон айы-күні жеткен әйелін перзатханаға апарып тастайды. Ойын іш пыстырарлық дәрежеде өтіп жатады. Бір уақытта алаңға жақын бір жанкүйер Юхонссонға әйелінің қыз туғанын бақырып хабарлайды. Содан бастап ойын 180 градусқа өзгереді де, Юхонссон алаңның арғы басынан бергі басына дейін  тоқтамай, ойынның көрігін қыздырады. Жәй қыздырып қоймай қарсылас қақпасына 4 доп соғады. Кездесуден соң төреші Юхонссонды шақырып алып құттықтап: “Қуаныш адамды мұншалықты өзгертетінін білмеппін” деп қолын қысады. Аптығы басылмаған Юхонссон: “Қандай қуаныш?! Жынданғаннан осылай ойнадым. Мен ұлым болса деп армандағам” депті. 

►  Аргентинада бойдақтар мен үйленгендердің қайсысы жақсы нәтижеге жете алады деген ұзақ таластан соң, екі жақ арасында футболдан кездесу өткізген. Ойынның соңына қарай үйленгендер қақпасына пенальти белгіленіп, оны бойдақтар сәтті пайдаланып, гол соғып кетеді. Бірақ ойын соңына жетпей үйленгендердің әйелдері пенальтидің әділетсіздігін айтып, шу шығарып, алаңға шығып кеткен. Нәтижесінде ойын тоқтатылған. 

►  Италияның Кампос қаласында өрт сөндірушілер өртеніп жатқан жоғарғы қабаттағы үйлердің бірінен ер адамды құтқарады. Ал ол болса ешқандай алғыс та білдірмей жүгіріп кетіп қалған. Кейін оқиғаның мән-жайы белгілі болады. Өрттен құтқарылған адам Джовани Куидзиро есімді футбол жанкүйері екен. Әйелі оның стадионға бармауы үшін есік-терезені бекітіп кетіп қалған. Ал ол қамаудан құтылып, футболды стадионнан тамашалаудың ерекше жолын ойлап тапқан. 


►  Аустралия ұлттық құрамасы Әлем Чемпионатына іріктеу кезеңінде Америкалық Самоамен кездесіп 31:0 есебімен жеңген. Бұл нәтиже ұлттық құрамалар арасында рекордқа айналған. Ойында аустралия футболшысы Арчи Томпсон 13 гол соғып, тағы бір рекордты тіркеген. 

►  Өткен ғасырдың 70-жылдарында Белгиядағы ойында алаңға шыққан 3 төрешінің де есімі Ван Лой болған.

►  Әлем бойынша шошқа тұмауы вирусы қызып тұрған уақытта – 2009 жылы мексикалық ойыншы Эктор Рейносо қарсыласының бетіне алдымен түкіріп кейін бірнеше рет түшкірген. Өзінің шошқа тұмауымен ауыратын ескертіп те қойған. Бұл теріс қылығы үшін бірнеше ойынға шеттетілген екен. 

►  Әлемде көпшілік алдында, әсіресе футболда, жалаңаш жүгіретін адамдар көп. Оны медицинада психикалық ауытқуы бар адамдар деп атаса, футболда бұл танымалдылық пен ақша табудың бір жолы саналады.  Олардың ішіндегі ең әйгілісі – англиялық футбол жанкүйері Марк Робертс. Ол ойын қызып жатқанда алаңға бірнеше рет (шамамен 150) жүгіріп шыққан. Марктың үш баласы бар және олар әкелерін қолдайды. Күндердің күнінде Марктың бұл қылығын казинолардың бірі өзінің жарнамаларында қолданған. Әрине қолданғаны үшін қомақты қаржы да берген. Сондықтан ол полиция қамауына түскен сайын қиналмай 5 мың фунт стерлингті төлейді. Бірақ кейінгі уақытта басқалар да осылай ақша табудың жолына түспеу үшін алаңға бір адам жүгіріп шықса, режиссерлер камераны дереу басқа жаққа бұрып жіберетін болған. 


►  1998 жылы Франциядағы кезекті Әлем Чемпионаты кезінде Ямайка құрамасы Аргентинадан 0:5 болып жеңіліп қалады. Онша аты шықпаған, ұлттық құрамасы әлсіз Ямайканың үш рет күміс, екі рет чемпион болған даңқты Аргентинадан жеңіліп қалуы табиғи жағдай еді. Бірақ Әлем Чемпионаты болғасын бұл нәтиже біразын таңғалдырды, кейбіреулерді шабыттандырды. Сондай шабыт алғандардың бірі “Чайф” эстрадалық тобы болды. Олар “Аргентина Ямайка 5:0” деген ән шығарды. Бұл ән тез арада әлемге таралып, нағыз хитқа айналды. 

►  Бір командада бір атаның балалары ойнайды дегенді естіп пе едіңіз? Мұндай да болады екен. Польшаның Бидгош қалашығындағы футбол командасында шаштараз Осинскийдің 11 баласы бір командада доп тепкен. 

►  Колумбияда “Унион Магдалена” клубы мен “Депортиво” арасында кездесу өткен. 90 минут бойы қос қақпаға да гол соғылмаған. Наркобизнеске қатысы бар көптеген жанкүйерлер гол соғылмағанынан наразы болып, екі командамен қоса төрешіні де таяқтау жоспарын құра бастайды. Мұны естіген төреші қос команданың капитанын жанына шақырып бірдеңелерді түсіндіреді. Ойынның 92 минутында “Депортивоның" қақпасына гол соғылады. Ойыншылар да мәз, жанкүйерлер де қуаныштан бөріктерін аспанға атады. Бірақ ертеңіне БАҚ та ойын 0:0 есебімен біткені хабарланады. Голды әдейі соқтырған төреші бұл уақытта қауіпсіз жерге кетіп қалған болатын. Ал футбол федерациясы көпшіліктің қауіпсіздігі үшін осындай шешім қабылдаған төрешінің жұмысын қанағаттарлық деп табады.


►  2011 жылы стадиондардағы бұзақылықтардан шаршаған Түрік футбол қауымдастығы сүйікті командасына жанкүйерлік ету үшін ер адамдарды стадионға келуге тыйым салған. Нәтижесінде Стамбулда “Манисаспорға” қарсы “Фенербахче” матчын 41 мыңнан астам әйелдер мен балалар тамашалаған.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Тұмаудан қалай сақтану керек?
Тұмаудан қалай сақтану керек?
Назарбаев университеті репетитор-студенттерге арналған қазақстандық жобаны қолдады
Назарбаев университеті репетитор-студенттерге арналған қазақстандық жобаны қолдады
2 мың жыл бұрын салынған мысықтың суреті табылды
2 мың жыл бұрын салынған мысықтың суреті табылды
2021 жылы оқушылар қашықтан оқи ма?
2021 жылы оқушылар қашықтан оқи ма?
Нұр-Сұлтанда футзалдан жаңа клуб құрылды
Нұр-Сұлтанда футзалдан жаңа клуб құрылды
ER-BATYR. Дәрігер Киреев коронавирустың екінші толқыны мен фармкомпаниялардың лоббиі туралы айтады
ER-BATYR. Дәрігер Киреев коронавирустың екінші толқыны мен фармкомпаниялардың лоббиі туралы айтады