ФИФА жылдың үздік голына үміткерлерді атады. Тізімде Роналду жоқ

ФИФА жылдың үздік голына үміткерлерді атады. Тізімде Роналду жоқ
Фото: FIFA.com

Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясы (ФИФА) жылдың үздік голына берілетін Пушкаш сыйлығына үміткерлердің тізімін жариялады.

Үміткерлер қатарына он футболшы енді. Олар: бразилиялық футболшы Матеус Кунья ("РБ Лейпциг"), швециялық Златан Ибрагимович ("Лос-Анджелес Гэлакси"), аргентиналық Лионель Месси ("Барселона"), камерундық Аджара Нчут, итальялық Фабио Квальярелла ("Сампдория"), колумбиялық Хуан Кинтеро ("Ривер Плейт"), америкалық Эми Родригес ("Ютау Роялс"), ирландиялық Билли Симпсон ("Клифтонвилл Ледис"), англиялық Андрос Таунсенд ("Кристал Пэлас") және венгриялық Даниэль Жори ("Дебрецен").

Жылдың үздік голын анықтау үшін дауыс беру 1 қыркүйекке дейін жалғасып, соның нәтижесіне қарай көп дауыс жинаған үш футболшы финалдық кезеңге өтеді. Ал ақтық сында ФИФА-ның аңыздары үздік голды таңдайды. Жеңімпаз 23 қыркүйек күні Милан қаласындағы "Ла Скала" театрында өтетін The Best іс-шарасында белгілі болады. Сондай-ақ бұл кеште 2019 жылдың үздік футболшысы, әйелдер арасындағы үздік футболшы, үздік жаттықтырушы, әйелдер арасындағы үздік жаттықтырушы, үздік қақпашы, FIFA Fan Award (жанкүйерлерге арналған жүлде) және таңдаулы құрамға енген футболшылар да анықталады. 

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от FIFA World Cup (@fifaworldcup)19 Авг 2019 в 6:17 PDT

ФИФА бұл марапатты 1950 жылдары "Алтын команданың" құрамында болған даңқты венгриялық футболшы Ференц Пушкаштың құрметіне тағайындады. Халықаралық футбол тарихы және статистика федерациясы Ференц Пушкашты ХХ ғасырдың үздік футболшылары тізімінде 6-шы орынға жайғастырған. World Soccer журналының нұсқасы бойынша 7-ші, Guerin Sportivo нұсқасы бойынша 6-шы орында тұр. Атақты France Football басылымы да Пушкаштың ХХ ғасырдың үздік ойыншыларының қатарына қосқан. Сондай-ақ ол Венгрия футболының тарихындағы ең үздік ойыншы атанған. 

Қазірге Пушкаш атындағы сыйлыққа үміткерлер бірнеше критерий бойынша таңдалады:

- гол әдемі соғылуы қажет;

- үміткерлер тізіміне алыс қашықтықтан соғылған, командалық жұмыстың нәтижесінде соғылған, қайшылап соғылған секілді әртүрлі голдар енеді;

- сондай-ақ матчтың маңыздылығы есепке алынады.Мысалы, мықты құрамалардың арасындағы не әлем чемпионаты секілді жоғары деңгейлі жарыстарға басымдық беріледі;

- гол кездейсоқ не қорғанушы команданың қателігінен соң соғылмауы шарт;

- гол Fair Play ережесіне сай соғылуы қажет.

Пушкаш атындағы сыйлық 2009 жылдан бері табысталып келеді. Өткен жылы бұл сыйлық мысырлық ойыншы Мохамед Салахтың қоржынында кетті. Ал оған дейін бұл марапаттарға Оливье Жиру (Франция), Роналду (Португалия), Хамит Алтынтоп (Түркия), Неймар (Бразилия), Мирослав Стох (Словакия), Златан Ибрагимович (Швеция), Хамес Родригес (Колумбия), Венделл Лира (Бразилия) және Фаиз Субри (Малайзия) сынды ойыншылар ие болған еді.

Бір қызығы 2010 жылы Пушкаш сыйлығына ие болған Хамит Алтынтоп үздік голын Қазақстан құрамасының қақпасына соққан. Түрік футболшысын қазақстандық қақпашы Андрей Сидельников FIFA кешіне арнайы барып марапаттаған болатын.   

А. Рысдәулет