Футболдағы сіз білмейтін қызықтар

Футболдағы сіз білмейтін қызықтар
Фото: 1zoom.me

Футбол - адамзат ойлап тапқан өнерлердің ең кемелі дейді аяқдоп ойынының жанкүйерлері.  Миллиондардың ермегіне айналған бұл тылсым спорт туралы қаншалықты жақсы білеміз? 

Англия қалай чемпион болды?

Футбол отаны саналатын Англия әлем чемпионатында тек бір мәрте топ жарғанын білесіз бе? Ал сол жеңісті мундиальдің өзі үлкен даумен аяқталған. 1966 жылы финалға Англия мен Германия Федеративтік Республикасының құрамалары шыққан. Негізгі уақыт 2:2 есебімен тартысты аяқталған. Қосымша уақытта ағылшын ойыншысы Джеффри Херсттің соққысынан кейін доп маңдайшаға тиген. Неміс қорғаушылары допты қақпа сызығынан алып шығады. Алайда алаң жиегінде тұрған төреші Тофик Бахрамов доп қақпа сызығынан өтіп, гол болды деп есептейді. Стадионға жиналған көрермендер мен неміс футболшылары наразылық көрсеткенмен төреші айтқанынан қайтпады. Әзірбайжан төрешісі Тофик Бахрамов қартайған шағында берген сұқбатында "сол ойында гол болды ма?" деген сұраққа "Сталинград" деп қысқа жауап қайырған. Осылайша, Англия тарихында алғаш және әзірге соңғы рет әлем чемпионы атанды. Әлі күнге дейін Англияның жеңісіне күмәнмен қарайтындар жетерлік.

Ауғанстан = Қазақстан?

Соғыстан көз ашпаған Ауғанстан елінің ұлттық құрамасы 1984 жылдан 2003 жылға дейін бірде бір ойын өткізбеген. 19 жыл бойы бұл елдің құрамасы жолдастық кездесуге де қатыспаған. Себебі бұл уақытта футбол Ауғанстанда тыйым салынған спорт түріне жататын. Тек 2003 жылы футболшыларға еркіндік берілді.

Допты грек құдайы Афродита жасаған ба?

Теріден жасалған көне футбол добы Англия мен Грекияда археологиялық қазбалар жүргізу кезінде табылған. Көне грек аңызына сенсек, адамдардың басты қызығушылығына айналған ойынның пайда болуына махаббат құдайы Афродита негіз болған екен. Ол алғашқы теріден жасалған допты Гефестке (темірші, от құдайы) арнайы жасатып, адамдарға сыйға тартады. Әртүрлі салтқа байланысты доп Күннің, Айдың, тіпті Жердің пішіні ретінде қолданылған. Қазіргі футболға ұқсас көне ойындар эскимостар (тунгатгак), үндістер, Рим, Мысыр, Қытай және инктер өркениетінде орын алған.

Неміс Бундеслигасын жеңген австриялық команда

Неміс біріншілігінде қызық жағдай болған. 1938 жылы Германияға Австрия қосылып, сәйкесінше футбол клубтары да бірікті. Ал 1941 жылы неміс біріншілігін аустриялық "Рапид" жеңіп алды. Осылайша, "Рапид" неміс чемпионатында жеңіске жеткен алғашқы шетел командасы атанды. Мұндай жағдай футболда көп кездесе бермейді.

Футбол добының "отаны" - Пәкістан

Футболдың нышаны доп екенін бәріміз білеміз. Бірақ кәсіпқой футбол доптарының 80% Пәкістан елінде жасап шығаратынын көбіміз біле бермейміз. Осы бір елдің Үндістанмен шекаралас жатқан Сиялкот қаласында әлемдегі ең үздік былғары доптарын жасайды.

Өзін ойыннан шеттеткен төреші

Футбол тарихында екі ерекше оқиға болған. Матчты жүргізіп тұрған төреші өзін ойыннан шеттетеді. Ағылшын арбитрлері Энди Уэйн мен Мелвин Сильвестер Ағылшын премьер-лигасы төменгі дивизионының матчы кезінде өздеріне қызыл қағаз көрсетеді. Бірінші төреші қақпашымен түсініспестік тумау үшін осылай жасаса, екіншісі футболшымен төбелесіп қалғаны үшін өзіне қызыл қағаз көрсеткен.

Сақшылар да футбол ойнайды

Бразилиялық "Какова" футбол клубы жергілікті біріншілікте жақсы нәтиже көрсетіп жүрген. Алайда ішкі істер министрінің бұйрығы бойынша бұл команданы жауып тастайды. Өйткені командада негізінен сақшылар өнер көрсеткен. "Какова" ойнаған сәтте стадионға оларды қолдауға өзге сақшылар да келетін болған. Стадионның ішінде темірдей тәртіп сақталғанымен, қалада қылмыс саны артқан.

Қызыл қағазды жұтып қойған футболшы

Адамнан айла аспайды деген рас. Футболшылар алаңнан кетпеу үшін қандай қулыққа барады десеңіз ше. 1983 жылы Майк Бэгли есімді ойыншы төрешінің қойын дәптерінде өзінің тәртіп бұзғаны туралы жазылған парақшасын жеп қойса, 1989 жылы италиялық "Пьянта" клубының ойыншысы Фернандо д’Эрколи төреші көрсеткен қызыл қағазды жұтып қойған.

Ватсон, мұның еш қиындығы жоқ

Әйгілі ағылшын жазушысы Артур Конан Дойл қылмыстық істерді әшкерелеумен айналысқан Шерлок Холмс туралы әңгімелер жазып танымал болғанын білеміз. Дегенмен оның кәсіби футболшы болғаны көпке мәлім емес. Ағылшын жазушысы ХІХ ғасыр соңында Англияның Портсмут футбол клубында қақпашы болған. Ол аталған командада А.С. Смит есімімен ойнаған екен. 

Футболдың үшжақты түрі бар

1990 жылдары даниялық суретші Асгер Йорн үш жақты футболды ойлап тапты. Ол жерде 6 бұрышты алаңда үш бірдей команда ойнайды. Ойынның жеңімпазы әдеттегідей көп гол соққан команда емес, өз қақпаларына аз гол өткізген команда атанады. Бұл спорт түрінен қазіргі кезде көп фестивальдер өткізіліп тұрады.

А. Рысдәулет