Лионель Месси мінетін көліктер мен ұстайтын смартфон

Футбол жұлдызы Лионель Мессидің жасыл алаңдағы ойынын көрмеген жандар болса да, есімін естімеген адамдар кемде-кем болар. Әлем таныған тұлғаның өмірі құпияға толы ма? Жанкүйерлер үшін "Барселона" көшбасшысы не ұстап, не жейтініне дейін қызық.

Аргентиналық футболшының Барселонада зәулім үйі бар. Қаладағы ең айтулы Белламар ауданында орналасқан. Месси бұл үйді 2009 жылы 6 миллион еуроға сатып алған. Терезесінен Гарраф тауы мен Жерорта теңізінің жағалауы көрінеді. 

Үйдің іші жерорта теңізі стилінде жабдықталған. Жаттығу залы, балаларға арналған ойын алаңы, футбол алаңы және бассейн орналасқан.

Лионель Месси автокөліктер үшін көп қаржы шығындамайды. Дегенмен әлемдегі ең қымбат көлікті осы футболшы меншігінде. 1957 жылы шыққан Ferrari 335 S Spider Scaglietti көлігін 2016 жылы бәссаудада 32 миллион еуроға сатып алған болатын. Бұл көлікті Роналду да сатып алғысы келген еді. Ferrari 335 S Spider Scaglietti кезінде "Формула-1" жарысына да қатысқан.

Футболшы өзге көліктер үшін бар-жоғы 1 миллион еуро ғана жұмсаған. Мессидің көлікжайында Ferrari F 4430 Spider (280 мың еуро), Maserati Granturismo (210 мың еуро), Audi Q7 (90 мың еуро), dodge Charger SRT8 (26 мың еуро), Lexus LX 570 (66 мың еуро) сынды автомобильдер бар.

2018 жылы Лионель Месси жеке ұшақ сатып алды. "Барселона" көшбасшысы әуе кемесі үшін 13 миллион долларын шығындаған.

"Gulfstream V" ұшағы 2004 жылы шыққан. 16 адамға арналған. Жататын болсаң 8 адамға ықшамдалады. Екі асханасы, екі жуынатын бөлмесі бар екен. Ұшақ қанатына "10" саны таңбаланған. Бұл - футболшының әдетте алаңға киіп шығатын жейдесіндегі сүйікті нөмірі. Ал ұшақ сатыларына отбасы мүшелерінің есімі жазылған.

Каталондық клубтың көшбасшысы iPhone XSMax смартфонын ұстайды. Шамамен 1200 еуро тұрады. Оның сырты 24 карат алтынмен көмкерілген. Бұны қосқанда құны 7 мың еуро шамасында болады. Смартфонның артқы бөлігіне 10-шы нөмір мен Барселонаның танымбелгісі таңбаланған. Оның төмен жағына әйелі мен балаларының есімі жазылған.

Айта кетейік, Лионель Месси жуырда ғана жанкүйерлер таңдауы бойынша "Барселона" футбол клубы тарихындағы ең үздік голдың иесі атанған болатын.