- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Футбол ережесіне өзгерістер...
Футбол ережесіне өзгерістер енгізіледі
Халықаралық футбол қауымдастығы кеңесі (IFAB) футбол ережесіне өзгерістер енгізу жайлы шешім қабылдады. Бұл туралы ұйымның ресми сайты хабарлады.
Футбол ережесіне сәйкес, доп қолға тимеуі тиіс. Осыған дейін абайсызда доп қолға тисе, аса қатты ереже бұзылды деп есептелмейтін. Енді футболшы абайсызда допты қолына тигізіп алып, гол соққанмен, нәтиже өзгермейді. Бұл сәтте төреші ереже бұзылғаны жайлы шешім қабылдайтын болады.
Екінші өзгеріс ойыншы алмасу жайлы. Осыған дейін алаңдағы ойыншы жаңа ойыншының қолын алып, қосалқы құрам тұсындағы ортадан өз орнын босататын. Ал бұл маңайға жақындағанға дейін біршама уақыт өтеді. Жеңіп тұрған команда ойыншылары мұндайда қулыққа да барады. Жаңа өзгеріс бойынша алаңдағы футболшы өз орнын беру үшін алаңның кез келген қапталынан шығуына болады.
Тағы бір өзгеріс айып добын орындау кезіндегі тосқауылға тұратын ойыншылар жайлы. Себебі шабуылдаушы команданың футболшылары да тосқауылға тұрып алатын. Нәтижесінде жаттығу кезінде даярлаған жүйелері арқылы гол соғуды жүзеге асыруға тырысатын. Жаңа өзгеріс бұл ережені өзгертті. Қарсылас команда ойыншылары тосқауылға тұрмайды. Тосқауылдан кем дегенде 1 метр алыс тұрулары тиіс.
Пенальти тебу кезінде қақпашының екі аяғы да қақпа сызығынан аспауы тиіс болатын. Енді бір аяғы аспаса да жарайды. Екі аяғы да сызықта болуы міндетті емес.
Сары қағаз немесе қызыл қағаз тәртібіне байланысты футболшыларға ғана емес, енді олардың ресми өкілдеріне (жаттықтырушы, қосалқы құрам) де көрсетіледі.
Доп төрешіге тиіп, қарсылас командаға қол болатын сәттер болады. Енді доп төрешіге тиген жағдайда ойын тоқтатылып, еркін соққы жасалады.
Футбол ережесіне жаңа өзгерістер биыл жаздан бастап өз күшіне енеді.
Айта кетейік, IFAB 1886 жылы британдық футбол қауымдастықтарының (Англия, Шотландия, Уэльс және Ирландия) келісімі бойынша құрылған.
О. Сансызбай