- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Марафон рекордын жаңартқан...
Марафон рекордын жаңартқан желаяқ жыл үздігі атанды
Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы қауымдастығы (IIAF) жылдың ең үздік жеңіл атлеттерін марапаттады. Салтанатты шара Монакода өтті.
Ерлер арасында кениялық желаяқ Элиуд Кипчоге 2018 жылдың үздік жеңіл атлеті атанды. Ол биыл Берлин марафонында бірінші болып келіп, әлем рекордын жаңартқан еді. Марафон қашықтығын 2 сағат 1 минут 39 секундта бағындырған алғашқы спортшы.
Элиуд Кипчоге - әлемдегі ең танымал жеңіл атлеттердің бірі. 2016 жылы Риода өткен жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы.
Марафон рекорды кестесі. Бір қызығы, барлық спортшылардың есімі "К" әрпінен басталады
2017 жылы кениялық спортшы Nike компаниясы ұйымдастырған жарнамалық марафонда мәреге 2:00:25 уақыт көрсеткішімен бірінші келген. Алайда бұл рекорды есепке алынған жоқ. Сондай-ақ спортшы биыл Лондон марафонында да топ жарды.
Әйелдер арасында колумбиялық спортшы Катрин Ибаргуэн жыл үздігі атанды. Үш қарғып секіруден қазақстандық спортшы Ольга Рыпакованың басты қарсыластарының бірі саналатын жеңіл атлет биыл "Гауһар лигада" ұзындыққа секіру мен үш қарғып секіруде алтын алды.
Америкалық желаяқ Сидни Маклафлин мен сырықпен секіруші швед Арман Дюплантис жеңіл атлетика спортының болашақ жұлдыздары деген марапатқа ие болды.
О. Сансызбай