"Реал Мадрид" - әлемдегі ең танымал клуб

"Реал Мадрид" - әлемдегі ең танымал клуб
Фото: marca.com

JD Sports агенттігі әлем бойынша ең танымал футбол командаларының тізімін жасады. Бұл рейтингте Мадридтің "Реалы" көш бастап тұр.

Қызықты рейтинг Google іздеу жүйесіндегі сұралымдар нәтижесі бойынша түзілген. Яғни агенттік әлем елдерінде қай команда атауын көп іздейтінін зерттеген. Іздеу жүйесінің бірнеше айғы қорытындысы назарға алынған. Осы арқылы әлемдегі ең танымал футбол клубтарын анықтау мүмкін болған.

Google іздеу жүйесіндегі сұралымдар нәтижесі бойынша "корольдік клуб" әлдеқайда алда тұр. Испандық команда 97 елдің іздеу жүйесінде көш бастаған. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Бұл дегеніміз - біздің елде мадридтік команданың жанкүйерлері мол деген сөз.

Екінші орынға Лондонның "Арсеналы" орналасқан. Канонирлер 17 елдің іздеу жүйесінде алда тұр. "Арсеналдан" "бір елге" ғана қалып қойған "Манчестер Юнайтед" үздік үштікте. "Қызыл сойқандар" Азия мен Африканың біршама мемлекеттерінде танымалдылыққа ие екен.

Кулб танымалдылығын арттырудың да түрлі жолдары бар. Ол үшін кейде командалар түрлі айла-тәсілдерге барып жатады. Біреулері халық саны мол елден шыққан ойыншыны қатарларына қосса, енді бір командалар шау тартқан танымал футболшыларға қомақты қаржы ұсынып, сапына шақырып жатады. Бір мысал айта кетер болсақ, Златан Ибрагимовичтің "Манчестер Юнайтедке" ауысып келуімен Швецияда ағылшындық команданың танымалдылығы артқан. Іздеу жүйесінде бұрын-соңды болмаған сұралымға ие болған. Футболшы америкалық клубқа ауысқаннан кейін іздеу жүйесіндегі көрсеткіш төмендеген.

Команданың танымал болуына жетістігінің де әсері зор. Мәселен ағылшын премьер-лигасын ойда-жоқта ұтқан "Лестер" футбол жанкүйерлерінің назарын өзіне аударды. Зор танымалдылыққа ие болды.

Африка құрлығының әр аумағында клубтардың танымалдылығы әрқилы екен. Оңтүстігінде - "Манчестер Юнайтед", солтүстігінде "Реал" жанкүйерлері көп. Шығысында "Арсеналды" қолдаушылар көп-ақ секілді. Ал Египет халқы "Ливерпульге" жанкүйер екені айтпаса да түсінікті.

Азия елдеріндегі іздеу жүйелерінде де "Реал Мадрид", "Арсенал" мен "Манчестер Юнайтед" клубтары жайлы ақпараттар жиі сұралады екен.

О. Сансызбай