Роналду "Реалдан" неге кеткісі келіп жүр?

Роналду "Реалдан" неге кеткісі келіп жүр?
Фото: The Week UK

Батыстық басылымдарда әйгілі футболшы Криштиану Роналду "Реалдан" кетуі мүмкін деген ақпараттар жариялана бастады. Оған себеп: ойыншы Чемпиондар лигасының финалынан кейін өзге командаға ауысатыны жайлы сыңай білдірген еді.

Танымал мадридтік командадан не үшін кеткісі келеді? Бұл футбол жанкүйерлерін мазалап жүрген сұрақтардың бірі. Жұрт арасында "бұрынғыдай ойнай алмай қалған", "жасы таяп келеді", "Флорентино Переспен (клуб президенті) қарым-қатынасы салқындаған", "командаластары пас бермейді" деген секілді алып-қашпа әңгімелер желдей есіп тұр. Ал футболшының досы Нуну Гомеш болса, мұның себебін келісімшарт мәселесімен түсіндіреді.

- Мен оны өзге командаға ауысады деп ойламаймын. Оны келісімшарт мәселесі мазалап жүр. Реал жаңа келісім ұсынады деп сенемін. Криштиану – әлемдегі ең үздік футболшы. Ал жалақысы бұл атағына сай келмейді. Қазір ойыншы мен Перестің арасы салқындаған. Флорентино келісімшартты ұзартып, жалақысын көтеретіні жайлы уәде берген. Алайда әлі орындаған жоқ, - дейді Гомеш AS басылымына берген сұхбатында.

Sapo Desporto басылымы ақпараты бойынша, Роналду Францияның "ПСЖ" клубына ауысуы мүмкін екен. Қазіргі таңда футболшының агенті Жорже Мендеш париждік команданың басшылығымен келіссөздерін бастап кеткен көрінеді.

Ө. Сансызбай