22 сәуір күні өтетін 6 марафон

22 сәуір күні өтетін 6 марафон
Фото: letsportpeople.com

Спортсүйер қауым асыға күтетін жарысқа айналып үлгерген "Алматы марафоны" биыл 7-ші рет жалауын желбіретеді. 22 сәуір күні өтетін спорттық шараға биыл қатысушылар саны артпаса, кемімесі анық.

"Алматы марафоны" спорттық шарасының басты мақсаты - саламатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту. Басты ерекшелігінің бірі – қайырымдылық шарасына бағытталуы.

Әлемде жыл сайын 800-ден астам марафон ұйымдастырылады. Байқасаңыз, танымал қалалардың барлығында жылына бір рет өтетін марафон жарысы бар. Себебі үлкені де, кішісі де, ұлы да, қызы да, кәсіби спортшы мен қарапайым тұрғын да қатыса алатын марафон жарысы бәсеке ғана емес, мереке де.

22 сәуір күні "Алматы марафонынан" өзге әлемде тағы 5 марафон өтеді. Осы марафондар жайлы да аз-кем ақпарат бере кетуді жөн санап отырмыз.

Лондон марафоны

Ұлыбританиядағы танымал марафон 1981 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашында AIMS құрамында болса, 2005 жылдан бері World Marathon Majors лигасындағы 5 марафонның (Бостон, Нью-Йорк, Токио, Берлин, Чикаго) қатарына қосылды.

Лондон марафонының ресми атауы - Virgin Money London Marathon. Бұл марафонда 2002 жылы ерлер арасында (Халид Ханнуши) рекорд орнатылған. Әйелдер арасында 4 рет әлем рекорды жаңарған.

2017 жылы кениялық Мэри Кейтани 2:17:01 уақыт көрсеткішімен әйелдер арасында рекордтық нәтиже тіркеген болатын. Virgin Money London Marathon – қатысушылар саны бойынша әлемдегі ең танымал марафондардың бірі.

Лондон марафонына тіркелу құны 110 доллар шамасында. Өткен жылы марафонға 45 000 адам қатысқан. Жарыс рекорды кениялық спортшы Элиуд Кипчиоге еншісінде. Ол 42,195 км-ді 2:03.05 уақытта жүгіріп өткен.

Мадрид марафоны

Мадридтегі Rock’n’Roll Madrid Marathon марафоны да 22 сәуірде өтеді. Биыл 41-ші рет ұйымдастырылып отыр. Жүгіру марафон қашықтығы (42,195 км), жартылай марафон (21,097 км) және 10 км қашықтықтық бойынша өтеді.

Мадридтегі марафон IAAF Gold Label Road Race дәрежесіне ие. 2019 жылдан бастап AbbottWMM марафондарының алғашқы іріктеу кезеңдерінің бірі болмақ.

Марафонға тіркелу құны – 65 еуро. Рекордтық нәтиже кениялық желаяқ Изекиль Чеби еншісінде. Ол 2014 жылы 42,195 шақырымды 2:09:15 сағатта жүгіріп өткен.

Вена марафоны

22 сәуір күні Австрия елінің астанасы Венада да марафон болады. Бұл марафонға қатысушылар да марафон қашықтығы (42,195 км), жартылай марафон (21,097 км) және 10 км қашықтықтық бойынша бақ сынайды.

Вена марафонының ресми атауы - Vienna City Marathon. IAAF Gold Label Road Race дәрежесіне ие. Биыл 35-ші рет ұйымдастырылып отыр. Қашықтықтарға байланысты тіркелу құны 75-105 еуро арасында.

Марафон рекорды эфиопиялық спортшы Гету Фелеке еншісінде. Ол 2014 жылы 42,195 км-ді 2:05:41 уақытта бағындырған.

Цюрих марафоны

22 сәуір күні Швейцарияның Цюрих қаласында өтеді. Қатысушылар марафон (42,195 км), жартылай марафон (21,097 км) және 10 км қашықтықтықта жарыс жолына шығады.

Цюрих марафоны биыл 16-шы рет өтеді. Өткен жылы 8500-ден асық адам қатысқан. Қатысу құны 77-137 еуроны құрайды. Марафон жарысындағы ең үздік көрсеткіш эритреялық желаяқ Абрахам Тадессе еншісінде. Ол 2013 жылы 2:07.44 уақыт көрсеткішімен бірінші келген.

Варшава марафоны

Алматы марафоны секілді жас марафондардың бірі – Варшава марафоны. Биыл 6-шы рет өтеді. Өткен жылы барлық қашықтықты (марафон, жартылай марафон, 10 км) қоса есептегенде 15 мыңға жуық адам қатысқан.

Варшава марафонына тіркелу құны 14-24 еуро шамасында. IAAF Silver Label Road Race дәрежесіне ие жарыстардың бірі. Марафондағы үздік нәтиже эфиопиялық спортшы Тедесса Тола еншісінде. Ол марафон қашықтығын 2:06:55 сағатта жүгіріп өткен.

Аталған марафондардың барлығына тіркеу уақыты аяқталды. Тағы айта кетейік, биылғы "Алматы марафоны" да 22 сәуір күні өтеді. Биылғы спорттық шараға 14 мыңнан асық адам қатысуға өтініш берген.

P.S "Алматы марафонында" 42,195 шақырым бойынша үздік көрсеткішті ресейлік спортшы Николай Григоров көрсеткен. Ол былтыр аталған қашықтықты 2 сағат 30 минут 09 секундта жүгіріп өткен болатын.

О. Сансызбай