Игуаин Чемпиондар лигасы тарихында ең жылдам дубль жасады

Игуаин Чемпиондар лигасы тарихында ең жылдам дубль жасады
Фото: vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасы тарихында ең жылдам дубль жасаған ойыншылар рекорды жаңарды. Түнде өткен "Ювентус" пен "Тоттенхэм" клубтары арасындағы кездесуде Гонсало Игуаин 8 минут 7 секунд ішінде 2 гол соғып (дубль жасап) үлгерді.

Туриндік клубтың аргентиналық сұрмергені ойындағы алғашқы голын 2 минутта соқты. 9 минутта пенальтиді сәтті орындап, өз рекордын орнатты. Осыған дейінгі ең жылдам дубль рекорды аргентиналық Хулио Рикардо Крус еншісінде еді. Ол 2006 жылы "Интер" сапында ойнап, Мәскеудің "Спартак" командасы қақпасына 8 минут 30 секунд ішінде 2 гол соққан еді.

Гонсало Игуаин рекорд жасаған ойында "Ювентус" пен "Тоттенхэм" 2:2 есебімен тең тарқасты. Тіпті аргентиналық шабуылшының ойында хет-трик жасауға мүмкіндігі болған. Алайда бірінші тайм аяқталар тұста футболшы пенальти тебуде қателесті. Ағылшындық клуб сапында Харри Кейн мен Кристиан Эриксен гол соқты.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу 8 наурыз күні өтеді. Екі ойын қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда ширек финалға шығады.

Түнде "Ювентус" пен "Тоттенхэм" командаларынан өзге "Базель" мен "Манчестер Сити" де 1/8 финалдағы алғашқы ойындарын өткізді. Ағылшындық ұжым сырт алаңда қарсыластарын 4:0 есебімен ұтып, ширек финалға шығуға жақындай түсті. Ойында Илкай Гюндаган – 2 гол, Серхио Агуэро мен Бернарду Силва бір-бір голдан соқты. Қарымта кездесу 8 наурызда өтеді.

Бүгін түнде Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы тағы екі ойын өтеді. "Порту" (Португалия) өз алаңында "Ливерпульмен" (Англия), ПСЖ Мадридте "Реалмен" ойнайды.

Ө. Сансызбай