Геннадий Головкин Қытайда Джет Лимен кездесті

Геннадий Головкин Қытайда Джет Лимен кездесті
Фото: Xsport

Орта салмақтағы WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) Қытай еліне барған сапарында атақты кино әртісі Джет Лимен кездесті.

- Қытайда танымал тұлғалармен кездесіп жатырмын, - деп жазба қалдырды боксшы өзінің Instagram парақшасында.

Геннадий Головкиннің Қытай еліне қандай мақсатпен барғаны туралы ресми хабарланған жоқ. Осы сапар барысында GGG танымал әнші Димаш Құдайбергеновпен де жолыққан болатын. Димаш ең бай қытайлық ықпалды тұлғалардың бірі Джек Маның мерекелік кешіне қатысқан еді. Кеште Джек Ма түскен қысқаметражды фильм таныстырылған-ды. Ал сол фильм жайында Мэнни Пакьяо, Джейсон Стэтхэм мен Геннадий Головкин арнайы видеода қытайлық миллиардерді "жекпе-жекке" шақырған болатын.

53 жастағы Джек Ма әлемдегі танымал "Alibaba Group" интернет компаниясының негізін қалаушы. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге жанкүйерлік танытады. Қыркүйек айында Сауль "Канело" Альвареспен өткен жекпе-жегіне барып, қазақстандық боксшымен суретке түскен еді.

Ө. Сансызбай