Геннадий Головкин: Мен – чемпионмын!

Геннадий Головкин: Мен – чемпионмын!
Фото: sports.yahoo.com

Кеше ғана шаршы алаңда «ғасыр жекпе-жегін» өткізген мексикалық Сауль Альварес пен отандасымыз Геннадий Головкин арасындағы шайқасқа әлем халқының көңілі толған жоқ. Себебі төрешілердің шығарып отырған шешімі әлеуметтік желіде үлкен дау тудырып, түрлі алып-қашпа әңгіменің көбесі сөгілді.

12 раундтқа созылған тартыстан кейінгі нәтиже бойынша екі жақ тең түсіп, өз жеңістерін сақтап қалды. Дегенмен Головкин өзінің жеңгеніне сенімді түрде жауап беріп, жекпе-жектен кейін кездесу өткізді.

Осы ретте Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес былай дейді: « Бұл шынымен де күтпеген жағдай. Төрешілердің бірі жекпе-жек басталмай тұрып толтыру қағазын толықтырып келген секілді. Соған қарағанда Вегаста төрешілік жасаудың басқаша бір мектебі бар секілді. Бұл спорт емес! Егер Канело тағы бір жекпе-жек сұрайтын болса, біздің жігіт дайын».

Кездесу кезінде белгісіз бір журналист Головкинге сәттілік тілеп, сәтті өткен жекпе-жегімен құттықтап, сұрақ қойды. Сұрақтың мазмұны Головкиннің жалпы өз ішкі сезімі мен ойы қандай екенін білу еді. Ең қызығы журналист спортшыдан сұрақтың жауабын қазақ тілінде беріп, кейін ағылшын тіліне аударуын талап еткен. Әрине отандасымыз үшін күтпеген жағдай болуы мүмкін, бірақ қазақ тілінде жауап беруге қиналса керек, Головкин ағылшын тілінде қысқа қайырды. Бұл үшін оны сөге алмаймыз.

Өз кезегінде Головкин жауабын берді: «Мен – чемпионымын, мен әлі осы деңгейде тұрмын. Мен Канелоға осыған дейін де менің мексикалық үлгіде жекпе-жек өткізгім келетінін айттым. Бірақ ол ештеңе жасаған жоқ. Мен ортада оны күттім, ал ол қашумен болды. Ендеше ол тек ұпай үшін төбелесті. Сол үшін келген. Мен төрешілердің шешімін түсіне алмадым. Бұл спорт үшін жақсы нәрсе емес».

М. Ақан