Роналду мен Мессиге бағынбаған рекордтар

Роналду мен Мессиге бағынбаған рекордтар
Фото: prosports.kz

Криштиану Роналду мен Лионель Месси. Футболдың қазіргі дәуірдегі қос патшасы. Бұл екеуі алма-кезек турнир сайын, тіпті, матч сайын рекордтар орнатып отырады. Бірақ аргентиналыққа да, португалиялыққа да бағынбаған рекордтар бар. Біз Чемпиондар лигасында Месси де, Роналду да бұза алмаған, бірақ болашақта бағындыруы мүмкін рекордтарды ұсынамыз.

Финалда соғылған голдар саны

Еурокубоктың ең басты матчында, финалда, Месси мен Роналду 2 голдан соғып шыққан. Лео 2009 және 2011 жылдары көзге түссе, Роналду 2008 және 2014 жылдары қанжығасын майлады.

Ал Чемпиондар лигасының финалында соғылған голдар саны бойынша мадридтік ардагерлер рекордты ұстап тұр. Ференц Пушкаш пен Альфредо Ди Стефано еуропалық чемпиондар турнирінің финалдарында 7 голдан соғып шыққан.

Пушкаш 1960 жылы финалда покер жасап, рекорд орнатқан. Содан бері Еуропаның басты жарысында ешкім финалда төрт гол соқпады.

Қатарынан бірнеше матч бойы гол соғу

Голландиялық Руд ван Нистерлой 2002/03 жылғы маусымда МЮ сапында Чемпиондар лигасында қатарынан тоғыз матч бойы алаңнан голсыз кетпеген. Осыдан үш жыл бұрынғы маусымда Криштиану осы рекордты қайталауға жақын болған еді, алайда Роналду сегіз матчпен тоқтап қалды. Ал Месси болса, қатарынан бес матч бойы гол соққан.

Ең жылдам хет-трик

Франциялық «Лионның» бұрынғы шабуылшысы Бафатемби Гомис загребтік «Динамоға» қарсы ойында, бар болғаны, сегіз  минутта үш гол соққан.

Ал біз айтып отырған жұлдыздарға хет-трик жасау үшін одан сәл көптеу уақыт кетіпті. Лео, мысалы, «Байер» қақпасына 16 минутта хет-трик жасаған. Ал Роналдуға «Мальме» қақпасына үш гол соғу үшін 12 минут қажет болды.

Турнирді жеңіп алу бойынша рекорд

«Реал» ойыншысы Франсиско Хенто Кәрі құрлықтың клубтар арасындағы басты додасын алты рет жеңіп алған. Оның клубтасы Альфредо Ди Стефано бес рет турнирдің кубогын басынан көтерді. Миландық футболшылар Паоло Мальдини мен Алессандро Костакурта да бес реттен Чемпиондар лигасын жеңіп алды.

Лионель Мессиге рекордты қайталау үшін екі жүлде жетіспей тұр. Ол «Барселонамен» бірге бұл турнирде төрт рет жеңімпаз атанған. Ал Роналду болса, МЮ-мен бір рет, «Реалмен» екі рет жеңіп алды.

Ең жылдам гол

«Баварияның» бұрынғы ойыншысы Рой Макай 2007 жылы «Реал» қақпасына 10,12 секундта гол соғып, рекорд орнатқан.

Ал Месси мен Роналду Чемпиондар лигасында қарсылас қақпасына ең жылдам голын 4-минутта соқты. Лионель 2008 жылы «Базельге» гол салса, Криштиану 2013 жылы «Ювентусқа» қақпасына 4-минутта дәл соққы жасаған.

prosports.kz

М. Ақан