Сумо - жапондардың ұлттық күресі. Жапондардың арасында кең тараған күрес түрлерінің негізінде дамыған. Негізінен мұнда салмағы өте ауыр балуандар кілемге шығады.
Сумо балуаны - бойы ұзын, денелі және ауыр салмақты болып келеді. Себебі, сумо спортында салмақ үлкен маңызға ие. Спортшылар түрлі жаттығулар жасап қана қоймай, салмақ қосу үшін де «тер төгеді». Олар үшін тыйым салынған ас түрі жоқ. Күніне белгілі мөлшерде тамақ ішу туралы шектеу қойылмаған.
Сумо белдесулері көлемі 9x4,5 метр келетін кілем үстінде өтеді. Мұны дохе деп атайды. Татами орнатылатын тұғыр еденнен 4 сантиметр биік болуы керек. Күрес басталар алдында "рицзю-рей" және "тиру-тозу" деп аталатын жапондардың ұлттық рәсімдері орындалады. Кәсіби сумо спортының жарыстары Жапонияда жиі ұйымдастырылады. Бүгінде күншығыс елінде сумо спорты ұлттық дәстүр сабақтастығы ғана емес, шоу ретінде де саналып жүр.
Жапондардың бұл спорт түрі ертеректе жауынгерлердi әзiрлеу үшін ойлап табылған деген деректер бар. Бүгінде бұл спорт түрі Жапониядан өзге елдерде (Моңғолия, Венгрия, Ресей) де дамып келеді. Осы орайда сумо спорты жайлы қызықты 10 дерек келтіре кеткенді жөн санап отырмыз.
1. Сумо – алғырлық пен жылдам шешім қабылдауды талап етеді. Балуандар небәрі 10 секунд ішінде қандай әдіс-тәсіл қолданатынын ойлап үлгеруі керек. Тіпті осы уақыт аралығында 2-3 амал-айласын жүзеге асырып қалуы да тиіс. Сонда ғана жеңіске жете алады.
2. Сумо балуандары қанша ауыр салмақта болғанмен, керілу жаттығуларын оңай орындай алады. Кез келген кәсіби сумо саңлағы еңкейе шатқа отыру (шпагат) жаттығуын оңай жасайды.
3. Сумо – қауіпті спорт түрінің бірі. Балуандар алғашқы қақтығысынан кейін-ақ жарақат алып қалуы мүмкін. Себебі, 100 келіден жоғары салмақтағы балуандардың соғысуының жылдамдығы 50-60 км/сағ құрайды екен. Мұндай жылдамдықтағы күшпен соқтығысқаннан кейін балуандар тізе, арқа, бас пен саусақтардың сынуы секілді жарақаттарды жиі алады.
4. Сумо спортында эмоцияны шығаруға болмайды. Сондай-ақ артық сөз айтуға да болмайды. Өз-өзіңе көңілің толмай, болмаса қарсыласқа қарсы дөрекі сөйлесең жарыстан шеттетілесің.
5. Сумо балуандары салмақ қосу үшін нәрлі, құнарлы тағамдар жейді. Тамақтанып болған соң, бірден ұйықтайды. Себебі, тамақтанып ұйықтаған адам тез семіреді.
6. Сумо спортында жеңіске жетудің екі жолы бар. Бірі – қарсыластың денесін жерге тигізіп жеңу болса, екіншісі – дохе кілемінен шығарып жіберу.
7. Сумо балуандарына көлік айдауға болмайды. Қандай салмақ дәрежесінде болса да, Жапонияда сумо балуандарына көлік айдауға құқық берілмеген. Егер спортшы бұл ережені орындамайтын болса, қатаң жазаланады. Сондықтан да сумошылар көбіне жеке жүргізушілерімен, болмаса арнайы шағын автобустар жалдайды екен.
8. Сумо балуандары ұзақ өмір сүрмейді. Жапонияда халық жасының орташа өмір сүру ұзақтығы 82 жас болса, сумо балуандары 60-65 жыл өмір сүреді. Себебі, қанша жаттығу жасап, күшті бола түскенмен артық салмақ бауыр, жүрек, қант диабеті, қан қысымы секілді ауруларға ерте шалдықтырады.
9. Сумо балуандары орташа есеппен алғанда 35 жасында спорттық мансабын аяқтайды. Олар үлкен спорттан кеткеннен кейін диетаға отырып, арықтауды мақсат тұтады екен.
10. Сумо балуандарының қолының жуандығы қарапайым адамның санының жуандығымен бірдей болады. Негізінен сумода 4 салмақ дәрежесі бойынша бәсекелер өтеді. Кіші салмақтар 85-115 келі арасы, ал 115 келіден жоғарылар ауыр салмақ болып есептелінеді.