«Астана» УЕФА клубтар рейтингінде 11 саты жоғарылады

«Астана» УЕФА клубтар рейтингінде 11 саты жоғарылады
Фото: vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасында мадридтік «Атлетикомен» тең ойнаған «Астана» клубы УЕФА клубтар рейтингінде 11 саты жоғарылады. Қазіргі таңда қазақстандық клубтың еншісінде 10,475 ұпай бар.

«Астана Аренадағы» тартысты ойында азуын айға білеген мадридтік «Атлетикомен» тең ойнаған «Астана» рейтингте 155-ші орынға көтерілді. Алдағы уақытта Станимир Стойлов шәкірттері сәтті ойын сериясын жалғап жатса, әлі де жоғарылауына зор мүмкіндіктері бар.

Қазіргі таңда Еуропаның клубтар рейтингіне 454 клуб бар. Бұл санаттағы тізімге соңғы 5 жылда еурододаға қатысқан футбол ұжымдары ғана енеді. Қазақстандық клубтар арасында «Астана» алда тұр. Бұл маусымдағы Еуропа лигасын ерте аяқтаған «Ақтөбе» 7,975 ұпаймен 187-ші орында. Отандық клубтардың үштігін «Шахтер» қорытындылауда. Қарағандылық ұжым 7,225 ұпаймен 204-ші орында тұр. Ал алматылық «Қайрат» 4,725 ұпаймен 273-ші орында болса, «Ертіс» пен «Тобыл» 3,725 ұпаймен 313-314-орындарға қатар жайғасқан. Шымкенттік «Ордабасы» 3,475 ұпаймен 321-ші орында. Ал Талдықорғанның «Жетісу» клубы 346-шы орында (2,975 ұпай) екен.

«Астананың» топтық кезеңдегі қарсыластары өз орындарын сақтап қалған. Мадридтік «Атлетико» 121,971 ұпаймен 5-орында болса, лиссабондық «Бенфика» 103,749 ұпаймен 6-орында тұр. Стамбулдың «Галатасарайы» болса 28-орында (55,360).

Айта кетейік, кеше Қазақстан ұлттық құрамасы да ФИФА рейтингінде 11 саты жоғарылап, 131-ші орынға табан тіреген болатын. 

Ө. Сансызбай