«Астана» УЕФА клубтар рейтингінде 13 орынға жоғарылады

«Астана» УЕФА клубтар рейтингінде 13 орынға жоғарылады
Фото: today.kz

«Астана» футбол клубы УЕФА клубтар рейтингінде 13 орынға жоғарылады. Қазақстандық клубтың еншісінде 9,425 ұпай бар.

«Астана-Аренадағы» тартысты ойында «Галатасараймен» тең ойнағаннан кейін «Астана» 163-ші орынға көтерілді. Алдағы уақытта Станимир Стойлов шәкірттері жеңісті жолын жалғап жатса, әлі де жоғарылауына зор мүмкіндіктері бар.

Қазіргі таңда Еуропаның клубтар рейтингіне 454 клуб бар. Бұл санаттағы тізімге соңғы 5 жылда еурододаға қатысқан футбол ұжымдары ғана енеді. Қазақстандық клубтар арасында «Астана» алда тұр. Бұл маусымда Еуропа лигасын ерте аяқтаған «Ақтөбе» 7,875 ұпаймен 186-шы орында. Отандық клубтардың үштігін «Шахтер» қорытындылауда. Қарағандылық ұжым 7,125 ұпаймен 199-шы орында тұр. Ал алматылық «Қайрат» 4,625 ұпаймен 275-ші орында болса, «Ертіс» пен «Тобыл» 3,625 ұпаймен 316-317-орындарға қатар жайғасқан. Шымкенттік «Ордабасы» 3,375 ұпаймен 326-шы орында. Ал Талдықорғанның «Жетісу» клубы 351-ші орында (2,875 ұпай) екен.

«Астананың» топтық кезеңдегі қарсыластары өз орындарын сақтап қалған. Мадридтік «Атлетико» 118,285 ұпаймен 5-орында болса, лиссабондық «Бенфика» 101,116 ұпаймен 6-орында тұр. Отандастарымызбен тең ойнаған Стамбулдың «Галатасарайы» 29-орында (53,040).

Ө. Сансызбай