Флойд Мейвезер Мессидің жылдық табысын бес-ақ минутта тапқан

Флойд Мейвезер Мессидің жылдық табысын бес-ақ минутта тапқан
Фото: lasvegas.cbslocal.com

Спортшылар арасындағы ең бай спортшы – америкалық Флойд Мейвезер. Шаршы алаңда жеңіліп көрмеген боксшы ESPN The Magazine түзген жылдық табысы жоғары спортшылар рейтингінде тағы да көш бастады.

Флойд Мейвезер 2 мамыр күні Мэнни Пакьяомен «ғасыр жекпе-жегін» өткізіп, спорттық мансабындағы ең көп қаржыға кенелген болатын. Сонымен қатар бұл кездесу бокс тарихындағы ең көп пайда түсірген спорттық іс-шара болып та рекорд тіркеген еді. Кездесуді тікелей эфирден көру үшін 4,4 миллион көрсетілім (трансляция) сатылған. Ал билеттер сатылымынан 74 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы түскен. Жалпы жекпе-жектің табысы 500 миллион долларды құраған.

«Ғасыр жекпе-жегі» алдындағы келісімшартқа сәйкес бокс кеші соңынан Флойд Мейвезер 250 миллион доллар гонорар алған. Нәтижесінде ESPN The Magazine түзген жылдық табысы жоғары спортшылар рейтингінде көш бастады. Екінші орынға Флойд Мейвезермен жұдырықтасып жеңіліс тапқан Мэнни Пакьяо орналасқан. Ол «ғасыр жекпе-жегінен» кейін 150 миллион доллар көлемінде гонорар алған болатын.

Жылдық табысы жоғары спортшылар рейтингінің үшінші сатысына аргентиналық сұрмерген Лионель Месси орналасқан. Оның жылдық табысы 56,3 миллион долларды құрайды екен. Криштиану Роналду болса 50,2 миллион доллармен төртінші орында. Бір қызығы Флойд Мейвезер Лионель Мессидің жылдық табысын Мэнни Пакьяомен өткізген жекпе-жегінің 5 минутында-ақ тапқан. Ал кездесудегі әрбір 4 секунд сайын Криштиану Роналдудың апталық жалақысын иеленіп отырған.

Ұқсас жазба

«Ғасыр жекпе-жегі» қандай баға алды? (видео)

Флойд Мейвезер Геннадий Головкинмен неге жұдырықтасқысы келмейді?

О. Сансызбай