Геннадий Головкиннің спорттағы ең үздік сәттері HBO телеарнасынан көрсетілді

Геннадий Головкиннің спорттағы ең үздік сәттері HBO телеарнасынан көрсетілді

Американың НВО (Home Box Office) телеарнасы WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің мансабындағы ең тамаша сәттерді көрсетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Vesti.kz сайтына сілтеме жасап. Еске сала кетейік, 32 жастағы Геннадий Головкин 2012 жылы 1 қыркүйекте поляк Гжегож Проксымен жұдырықтасып, бесінші раундта жеңіске жеткенде НВО-дан тұңғыш рет көрсетілген болатын.

Осыдан кейін қазақстандық боксшы Габриэль Росадоны (7-раундта), Мэттью Маклинді (3-раундта), Кертис Стивенсті (8-раундта), Дэниэл Гилді (3-раундта) және Марко Антонио Рубионы (2-раундта) кезекпен жеңіп шықты. 2013 жылы Головкин мен Стивенстің жекпе-жегі рейтингі ең жоғары үш кездесудің қатарына кірді, ал Гилмен өткізген жекпе-жегі НВО-дағы рейтингі ең жоғары ондыққа кірген болатын.


Еске сала кетейік, Геннадий Головкиннің Ұлыбритания боксшысы Мартин Мюррейге қарсы жекпе-жегі 21 ақпанда өтеді. Ол Salle des Etoiles аренасында болады, кездесуді НВО телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар, қазақстандық боксшы 2015 жылдың аяғына дейін WBC чемпионы Мигель Коттомен жұдырықтасқысы келетінін айтты. "Келесі жекпе-жекті Коттомен өткіземін деп үміттенемін. Бұл айқастың болғанын қатты қалаймын және ол жанкүйерлер мен телевизияға ұнайтынына күмәнім жоқ. Мен бұған дейін де айтқанмын, биыл pay-per-view айқасын өткізгім келеді, ол үшін маған Котто, Альварес, Чавес сынды қарсыластар керек. Котто - WBC чемпионы, ал мен орта салмақтағы барлық атақты иеленгім келеді", - деді Геннадий Головкин. 

сурет: zenfs.com

Е. Қайрахан