Иран құрамасы футболшыларына жаңа тәртіп енгізілді

Иран құрамасы футболшыларына жаңа тәртіп енгізілді

Футболдан Иран ұлттық құрамасының мәдениет комитеті Азия кубогы ойындары кезінде ойыншыларға нәзік жанды арулармен суретке түсуіне тыйым салды. Бұл туралы «Agence France-Presse» басылымы хабарлап отыр.

- Азия кубогындағы футболшылардың нәзік жанды арулармен суретке түсуі – саяси құрал ретінде пайдаланылып кетуі мүмкін. Сондықтан осындай заң енгізуді қолға алдық, - деп хабарлаған комитет басшысы Әли Акбар Мұхамеджаде.

Егер футболшылар аталған тыйымнан аттап, суретке түсетін болса жаза қолданылмақ. Нақты қандай жазалар қолданылатыны туралы айтылмаған.

Шариғат заңы бойынша ислам елдерінде әйелдерге спорттық жарыстарға келіп, команда немесе спортшыларға қолдау білдіруге тыйым салынған. Бірақ, 2015 жылғы Азия кубогы Австралия жерінде өтіп жатқандықтан, шариғат заңы бұл елде жүрмейді. Бұл күндері ирандық қыз-келіншектер «жасыл құрлықта» командаларына зор қолдау білдіруде. Бірақ, олардың беттерін ашық ұстауы – ел басшылығын алаңдатып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, жақында ғана Нидерланды футбол федерациясы ішкі чемпионаттағы ойын кезінде ойыншылардың жанкүйерлермен селфи жасауына шектеу қойған болатын. Себебі, суретке түсу – уақыт өткізудің бір амалы деп түсіндірген-ді. 

Сурет: infohome.com.ua

О. Сансызбай